Елімізде сұйытылған газ таратушы алты компанияға қатысты тергеу басталды

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин үкімет отырысында баяндама жасап, Қазақстанда сұйытылған мұнай газын таратушыларға қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ведомствоның ресми сайты.

Жұманғарин инфляцияның өсуіне жол бермеу мақсатында ведомствоның атқарып жатқан жедел және жүйелі шараларына тоқталды.

Оның айтуынша, ведомство 5 қаңтардан бастап өңірлер бойынша барлық әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына күн сайын мониторинг жүргізіп келеді.

Бағаны ұстап тұру және сауда үстемесін 10 пайызға дейін белгілеуге қатысты өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және сауда желілерімен монополияға қарсы 189 акті жасалған.

Бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттер және үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша 8 тергеу жүргізілуде.

"Тұтыну тауарлары мен қызметтерінің бағасын көтеру фактілерін жедел анықтау және жолын кесу мақсатында хабарламалар қабылдау үшін жедел желі құрылды. Бүгінгі күні агенттіктің сенім телефонына 2000-нан астам өтініш келіп түсті. Монополияға қарсы орган келіп түскен шағымдар бойынша өз құзыреті шеңберінде шаралар қабылдайды, қалғандары уәкілетті органдарға жiберіледі", - дейді ол.

Одан бөлек, Жұманғарин бас прокуратурамен бірлесіп СМГ-ның 6 көтерме сатушысына қатысты тергеу тағайындалғанын айтты.

"Бас прокуратурамен бірлесіп СМГ-ның 6 көтерме сатушысына ("ҚазМұнайГаз" АҚ, "Petrosun" ЖШС, "СНПС - Ақтөбемұнайгаз" АҚ, "ҚазГерМұнай БК" ЖШС, "Қазақойл Ақтөбе" ЖШС және "ҚазГӨЗ" ЖШС-монополиялық жоғары бағаларды белгілеу бөлігінде үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша) және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу нарығының 180 субъектісіне қатысты тергеу тағайындалды.

Тергеудің алдын-ала нәтижелері бағаның өсуінің негізгі себебі электрондық сауда алаңындағы баға механизмінің жетілдiрiлмегенi екенін көрсетті", - дейді ол.

Агенттік мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сұйытылған мұнай газына (автогаз) 180 күн мерзімге шекті баға белгіленгенін еске салды.

Осы орайда ведомство күн сайын сұйытылған мұнай газының сатылым бағаларына мониторинг жүргізетінін, уақытша белгiленген шекті бағалардан асырып сату фактілері анықталған жағдайда, ӘҚБтК 162-бабына сәйкес бағаны төмендету қажеттілігі туралы нұсқама, орындалмаған жағдайда әкімшілік жаза тағайындалатынын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951740-elimizde-suiytylgan-gaz-taratusy-alty-kompaniyaga-qatysty-tergeu-bastaldy/