Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттегі тәртіпсіздік кезінде жасөспірімге көмектесіп, өзі оқ жарақатын алған студент жайлы не білеміз

Опубликовано:

Студент
Фото: Әмір Сағындықовтың жеке мұрағаты

Шымкент қаласында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде Астана медицина университетінің студенті Әмір Сағындықов ес-түзсіз жатқан жасөспірімге көмектесемін деп, өзі оқ жарақатын алған. Кейін 21 жастағы болашақ дәрігердің бұл әрекетін әлеуметтік желі қолданушылары жарыса жазды. Осы орайда Азаттық рухы Әмірдің өзімен хабарласып, оқиғаның қалай болғанын, қазіргі хәл-жағдайын сұрап білген.

Басылымның жазуынша, Әмір 5 қаңтар күні дүкенге нан алуға шыққан. Қайтар жолда ес-түзсіз жатқан 16 жас шамасындағы жасөспірімді байқап қалып, оған алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалған.

Сол сәттегі қарбаласта белгісіз бағыттан атылған оқ Әмірдің аяғына тиген. Абырой болғанда, ол бірден ауруханаға жеткізіліп, дер кезінде көмек алған.

Әмір қазір жағдайы бірқалыпты екенін, бірақ сол күнгі оқиғадан кейін әлі толық өзіне келмегенін жеткізді. Бәрі бір мезетте түс секілді өтті дейді.

"Әлі толық сауыққан жоқпын. Шынымды айтсам, сол күні болған оқиғаны есіме түсіргім келмейді. Дене жарақатымен қоса, психологиялық ауыр соққы алдым десем болады. Аллаға шүкір, жақындарым қасымда. Барлық жағынан қолдау көрсетіп жатыр. Дәл қазіргі уақытта журналистер жан-жақтан хабарласып, толассыз хат жолдауда. Бірақ, денсаулығыма байланысты сұхбат беруден бас тарттым. Мен халық айтқандай батыр емеспін. Дәл сол сәтте көрсету керек көмегімді көрсеттім", - дейді ол.

Әмір өзін емес бүгінгі күннің нағыз батырлары деп жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен адамдарға көмектескен медицина қызметкерлерін санайтынын айтты.

"Медицина қызметкерлері осы қиын күнде абдырамай, ауруханада қалып, зардап шеккен адамдарды дер кезінде емдеуді жалғастырды. Міне, нағыз батыр - сол кісілер.

Олар күніне сан мыңдаған адам өміріне араша түседі. Сондықтан аталған мамандық иелеріне басымды иемін. Менің өзім де сол күні науқас ретінде дәрігердің көмегіне жүгінуіме тура келді. Көмек көрсеткен ақ халаттылар мен жағдайымды бақылауда ұстаған медбикелерге алғысым шексіз", - дейді Әмір Сағындықов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951776-symkenttegi-tartipsizdik-kezinde-zasospirimge-komektesip-ozi-oq-zaraqatyn-algan-student-zaily-ne-bilemiz/

pixel