Комендатура: Алматыда коменданттық сағат аяқталғанымен, террористік қауіптің "қызыл" деңгейі сақталады
Опубликовано:

Алматы қаласының комендатурасы 19 қаңтар сағат 00:00-де оңтүстік астанада төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағаттың аяқталатынын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Комендатура Алматы қаласының аумағында коменданттық сағат аяқталғанымен, антитеррорлық іс-шара режимі мен террористік қауіптің "қызыл" деңгейі сақталатынын еске салды.
Сонымен қатар, комендатура терроризмге қарсы іс-шаралар аясында Алматы қалалық полиция департаменті, Ұлттық ұланның және қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлерінің күштері мегаполис аумағын тәулік бойы патрульдеуді қамтамасыз ететінін атап өтті.
Блок-посттар да жұмысын жалғастырады.
"Террорлық қауіп-қатердің "қызыл" деңгейінде құқық қорғау органдарына азаматтардың заттарын, көлік құралдарын жеке тінтуге, сондай-ақ олардың қозғалысын уақытша шектеуге немесе тыйым салуға рұқсат етілгенін еске саламыз. Шерулер мен митингтерге тыйым салынады", - делінген комендатураның хабарламасында.
Осы орайда ведомство алматылықтарды құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарап, олардың заңды талаптарын орындауға шақырды.
Комендатура антитеррорлық іс-шара режимінің аяқталу мерзімі жайлы қосымша хабарланатынын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951788-policiya-almatyda-komendanttyq-sagat-ayaqtalganymen-terroristik-qauiptin-qyzyl-dengeii-saqtalady/