"Бұйрықтың аты бұйрық": Ақтөбеде әскери қызметкердің әрекеті көпті тәнті етті

Опубликовано:

Ұлан Мырзабай
Ұлан Мырзабай. Видеодан кадр: Астана телеарнасы

Ақтөбеде жаппай тәртіпсіздік кезінде антына адал екенін айтқан әскери қызметкердің әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Осы ретте, Астана телеарнасы сарбаздың жеке басын анықтап, онымен сұхбаттасқан.

Телеарнаның мәліметінше, қауіп-қатерге қарамастан, қарсы алдындағы адамға күлімсіреп, жылы сөйлеп тұрған әскери қызметкер - Ұлттық ұланның Ақтөбедегі № 6655-әскери бөлімінің лейтенанты, 23 жастағы Ұлан Мырзабай. 

Сол күні ол Ақтөбе облысы әкімдігі алдындағы алаңда алдыңғы шепте тұрған.

Айтуынша, митингке қатысушылар бір кезде жақындап, өз жақтарына шығуға үгіттей бастаған. "Бірақ мен бұйрықтың аты бұйрық екенін айттым", дейді сарбаз.

"Әскери адам болғандықтан бұйрықты тыңдаймыз ғой. Адам көп болды. Бәрі бес саусақтай бірдей емес, әр адамның ойы болды. Біреулері жақтады, біреулері қарсы болды. Үкіметтің адамысың, халыққа қарсысың деді. Біз үкіметті қорғаймыз, үкімет заңды қорғайды, халықты қорғайды", - дейді Ұлан Мырзабай.

Бір сәтте әлеуметтік желіде танымал болған Ұлан Мырзабай Ақтөбедегі әскери бөлімде жарты жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазір артиллериялық-зенит дивизионының взвод командирі. Қарамағында 35 сарбаз бар. Астанадағы "Жас ұлан" әскери мектебінде оқып, былтыр Ұлттық ұланның Петропавлдағы әскери институтын бітірген.

Алматы облысының Қапшағай қаласында туып-өскен жігіт әжесінің қолында тәрбиеленген. Кішкентайынан Қапшағайдағы №35 әуе-десант әскерін көріп өскен ол әскери адам болуды армандаған. Ал немересінің елдің нағыз қорғаны болып өскеніне әжесі риза.

"Мен ол кезде қорқып, жылағым келіп, жүрегім ауырды, көріп алдым да, қорқып кеттім, бірдеңеге ұрынып қалмаса екен, аман болса екен деп, осындай шудың өзінен жүрегім аузыма тығылды. Енді қазір ойлап отырсам, өзін-өзі қалай ұстап тұр, мықты үлкен кісілер сияқты сөйлеп тұр. Сондай лайықты сөйлегеніне, дұрыс жауап бергеніне керемет риза болып отырмын", - дейді Ұланның әжесі Шынар Қарабатырқызы.  

Еліне адал ұл өсіргені үшін Шынар Қарабатырқызына Ұлттық ұланнан алғыс хат пен "Отан қорғаушының анасы" кеуде белгісі табыс етілген. Ал Ақтөбе облысының әкімі антына адалдық танытқан сарбазды мақтау қағазымен марапаттаған.

Г. Сейтенова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951816-buiryqtyn-aty-buiryq-aqtobede-askeri-qyzmetkerdin-areketi-kopti-tanti-etti/