"Сүйрелеп, ауруханаға тасыдық": Алматылық әйел көмекшілерімен бірге 8 сарбазды қалай құтқарып қалғанын айтты
Жарияланған күні:
Алматылық Бибінұр Шерәлиева бастаған қайырымды жандар қаладағы жаппай тәртіпсіздік кезінде 8 адамның өмірін құтқарып қалған. Көпбалалы ана көмекшілерімен бірге бұзақылармен бетпе-бет келіп, президент резиденциясын қорғаған сарбаздар мен қарапайым азаматтарды ауруханаға жеткізуге атсалысқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Телеарнаның мәліметінше, қайырымдылықпен айналысатын Бибінұр Шерәлиева қалада бейберекет орнап, оқ атылып, бейкүнә адамдар мен сарбаздар нақақтан жараланып жатқанда үйінде қарап отыра алмаған.
Қасына үш әлеуметтік қызметкер мен көлік жүргізушіні ертіп алып, көмек көрсетуге алаңға барған.
"Жараланған солдат бар, соны алып шығуға көмектес деп біреу келді. Мен жүр дедім. Біз жаяу бара аламыз деп ойладық. Бірақ көлікті өртеп, жарып жіберер деген қауіппен алға жылжи бергенді жөн көрдік. Әрине, қорықтық. Жаралы солдатты жерде жатқан полиция қалқанына салып, көтеріп алдық. Оны машинаға алып келгенімізбен, ішіне кіргізе алмадық. Өйткені кішкентай көлік болғандықтан, ішіне сыяр емес... Әйтеуір амалдап жатып, көлікке салдық", - дейді "Рахым" әлеуметтік үйінің директоры Бибінұр Шерәлиева.
Осылайша, олар ең алғашқы адамды №12 ауруханаға апарып дәрігерлерге тапсырған. Ал бұл кезде көмекшілері Сұлушаш Жүсіпова, Венера Тұрғанова және Румиля Ходжаева есімді еріктілер алаңда қансыраған адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Олар жараланған 40 шақты адам барын көрген.
"Әскери көлік сағатына 300 шақырым жүйткіген шығар. Адамдарды басып кете ме деп қатты қорықтық. Өлдік деп ойладық. Сосын ол өтіп кеткеннен кейін біз қайтадан көлікпен ішке кірдік, іште бір жас балалар бар деді. Біреуінің аяғы, біреуінің бұғанасы жараланған. Қайтсек те соларды сүйрелеп, ауруханаға тасыдық. Сөйтіп жүргенде 8 жаралыны шығарыппыз", - деп еске алады Бибінұр Шерәлиева.
Қайтуға әрекеттене бергенде олар көзі зақымданған тағы бір сарбазды байқап, №5 клиникалық ауруханаға жеткізген. Тәртіпсіздік кезінде Бибінұр Шерәлиева қаруланғандардың өзара тілдескеніне де куә болған.
"Екі жедел жәрдемді басып алды да, артынан көлікті жағып жіберді. Сосын бір жеңіл көлік келіп бұларға автомат таратты. Олар бізге де келіп "сіздердің машинаңызбен қару алып келейік" деп ұсынды. Біз "жаралыларды тасып жатырмыз, қазір қолымыз тимейді" дедік. "Жоқ, бармаймыз" деп айтуға қорықтық", - дейді Бибінұр Шерәлиева.
Оның сөзінше, көбі арандатушылардың айдауына еріп кеткен жастар әрі олар не істеп жүргендерін білмеген көрінеді.
"Қазір бәрі өткеннен кейін "олар мені оп-оңай ата салатын еді ғой" деген ойлар келеді. Бірақ ол кезде менде ондай қорқыныш болған жоқ. Өйткені олар не істеу керек екенін өздері де білмей жүрді. Қолдарында қару болғанымен, не істеп, кімді ату керек екенін де білмейді жүргендей көрінді", - дейді көпбалалы ана.
Бибінұр Шерәлиева бұзақыларды алдап әрекет етуге тура келгенін де айтады.
"Бізді не деп айтады екен деп құйтұрқы сұрақтар қойып түрлі әрекеттерге барды. "Жанса, жансын" дедім. Өйткені мен олардың бізден күдіктеніп тұрғанын түсіндім. "Жанса, көк түтін болып жанып кетсін" дедім әдейі. Егер жоқ деп білдіріп қойсақ, онда олар бізді жаралыларға жібермейтін еді. Олардың сөзін сөйледік. Жасыратыны жоқ. Өйтіп сөйлемесең, сені жаралыларға жолатпайтын еді", – дейді Шерәлиева.
Қазіргі уақытта Бибінұр Шерәлиева өзі құрған әлеуметтік үйде өзге де еріктілермен бірге сарбаздарға, жедел жәрдем және полиция қызметкерлеріне, мұқтаж жандарға күнделікті ас әзірлеп, үлестіруде.
Материал авторы: Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951848-suirelep-auruxanaga-tasydyq-almatylyq-aiel-komeksilerimen-birge-8-sarbazdy-qalai-qutqaryp-qalganyn-aitty/