Елжан Біртановтың ісі: Сот тыңдауы қашан өтетіні белгілі болды

Опубликовано:

Елжан Біртанов
Фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы қашан өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Алдын ала тыңдау 26 қаңтарға белгіленген", - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі.

Ресми мәлімет бойынша, тыңдау ашық режимде өтеді. Қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қаласының №2 Сарыарқа аудандық сотының өндірісіне келіп түскен.

Істі қарайтын судья – Ибрагим Әлкенов.

Естеріңізге сала кетейік, денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов 2020 жылдың қазан айында ұсталған болатын.

Оған қарсы аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ысырап етті деген айып тағылды, кейіннен айыптау "лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану" деп қайта сараланды.

2020 жылдың қараша айында сот Біртановты үйқамақта ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Тергеу барысында экс-министрді үйқамақта ұстау мерзімі сегіз рет ұзартылды. Біртановтың өзі барлық айыптауды жоққа шығарып отыр.

Осыған дейін экс-министр басты сот отырысын асыға күтетінін айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952099-elzan-birtanovtyn-isi-sot-tyndauy-qasan-otetini-belgili-boldy/