Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қасіретті қаңтар: Ақтөбеде қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәлімет жарияланды

Опубликовано:

Ақтөбе
Видеодан кадр: Ақтөбе облыстық ПД

Ақтөбе облысы Полиция департаменті жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан лаңкестік әрекетке қатысушылар мен жараланған қауіпсіздік қызметкерлері туралы мәліметтерді жариялады. Ведомство қаңтар оқиғасының хронологиясын да айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

4-5 қаңтарда Ақтөбе қаласы мен бірқатар ауданда тұрғындар бейбіт шеруге шығу туралы бастама көтерген.

Бұл жағдайды радикал ағымдағы адамдар пайдаланып кетті. Шерушілер жолдарды, соның ішінде халықаралық маңызы бар тас жолдарды, теміржолдарды жауып, әуежайдың жұмысын тоқтатты. Соның салдарынан өңірде әуе және теміржол қатынасы үзілді.

Демонстранттар арасында алкоголь мен есірткінің әсерінен масаң күйге түскен адамдар да болған, олар билік пен құқық қорғау органдарының өкілдеріне бағынбай, агрессия көрсеткен.

Алаңдағы шерушілерге тас, азық-түлік, алкоголь және басқа да заттар жеткізіліп отырған, киіз үй тігіліп, от жағылып, конституцияға қарсы ұрандар айтылған. Наразылық білдірушілердің әрекеттері жоспарлы әрі ретті болған.

5 қаңтарда 4-5 мыңға жуық адам өздерінің көптігін пайдаланып, тас лақтырып, арматура, тұтандырғыш қоспалар, Молотов коктейльдерін қолданып, бірнеше қорғаныс шебін бұзып өтіп, Ақтөбе облысы әкімдігінің ғимаратына кірген. Полиция қызметкерлерін қасақана көлікпен соғу жағдайы да орын алған.

Олардың қысымымен абайсызда адам шығынын болдырмау үшін тәртіп сақшылары қару қолданбай шегінуге мәжбүр болды.

Жаппай тәртіпсіздік салдарынан 25 полиция қызметкері мен 3 әскери қызметші дене жарақатын алып, зардап шекті, 7 қызметтік көлік, 300-ден астам арнайы техника мен жеке қорғаныс құралдары зақымданды. Жедел жәрдем көлігі тоналды.

Шерушілер өрт сөндіру көлігін басып алмақ болғанда өртті сөндіруге келген қызметкерлер соққыға жығылған.

Әкімдік ғимаратына кіріп кеткен қылмыскерлер арнайы күзет қызметкерінің қызметтік қаруын тартып алған.

Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде мемлекеттік билік пен басқару органдарының қызметі іркілді, бұл қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіріп, құқықтық тәртіптің бұзылуына әкеп соқты. Осы жағдайды ескере отырып, бүкіл Қазақстан бойынша лаңкестік қауіп-қатердің жоғарғы "қызыл" деңгейі енгізілді.

6 қаңтар күні де наразылық білдірушілер облыс әкімдігі алдындағы алаңда халықты үрейде ұстауды жалғастырды.

7 қаңтарға қараған түні тәртіп орнату мақсатында арнайы органдар, құқық қорғау органдары, сондай-ақ әскерилер алаңды тазарту және әкімдік ғимаратын қылмыскерлерден босату операциясын жүргізді.

"Қызметкерлерге белсенді қарсылық көрсетілді, қақтығыс нәтижесінде лаңкестік әрекеттің бір қатысушысының көзі жойылды", - деп хабарлады Ақтөбе облысының полиция департаменті.

Ведомствоның мәлімдеуінше, заңға сәйкес лаңкестік әрекетке қатысушылардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу кезінде қаза тапқан жағдайда олардың мәйіті жерлеуге берілмейді және жерленген жері туралы айтылмайды.

Террорлық актілерді ұйымдастыру, жаппай тәртіпсіздіктер, билік өкілдеріне күш қолдану, мемлекеттік ғимараттарға шабуыл жасау және оларды басып алу фактілері бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды.

1,5 мыңға жуық адам ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді, олардың 15-і аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынды, 417-сі әкімшілік қамаққа алынды, сот санкциясымен оларға қатысты тексеру және жедел іс-шаралар жүргізілуде.

Бүгінде облыстағы жағдай тұрақты, барлық нысандар қалыпты жұмыс істеп тұр. Қалған қылмыскерлерді тауып, ұстау шаралары жүргізілуде.

Еске сала кетсек, бұған дейін атышулы видеодағы әскери қызметші Ақтөбеде наразылық білдірушілер оны өз жағына қаратып алмақ болғаны туралы айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1952128-qasiretti-qantar-aqtobede-qaza-tapqandar-men-zaralangandar-turaly-malimet-zariyalandy-video/

pixel