Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатыр": Белгілі депутат қазіргі ұрпақтың тәрбиесі жайлы сөз қозғады

Опубликовано:

Нұртөре Жүсіп
Нұртөре Жүсіп. Фото: egemen.kz

Сенат депутаттары мемлекет 30 жыл ішінде ұлттық идеология мен тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алғанын айтты. Сенатор Нұртөре Жүсіптің сөзінше, қазіргі ұрпақ ата-ананың тыйымдарынан емес, Tik Tok желісінен тәрбие алып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Нұртөре Жүсіп үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында "Алматы трагедиясына" әкеп соққан себептерге тоқтаталды.

Оның сөзінше, бүгінде қоғамда "президентті қолдайық" деген пікір бар. Ол дұрыс, бірақ мемлекет басшысын жай сөзбен емес, нақты іспен қолдау қажет.

"Біз ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. Мұны ашық мойындау керек. "Менің мемлекетім", "менің Қазақстаным" деген отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына, қалай да ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың "тәк-тәк" деген тыйымдарымен емес, негізінен Тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатыр", - дейді депутат.

Нұртөре Жүсіп бүгінде қоғамда еңбек ету, адал мал табу, Отанға, мемлекетке адалдық, қоғам алдындағы жауапкершілік, әділет, ар, ұят ұғымдары шетке ысырылып қалғанын баса айтты.

"Өз ордасын өзі ойрандайтын, бұл әрекет үшін бір сәт те ойланбайтын қаніпезерлік қайдан шықты?! Әкенің сөзін баласы тыңдамайтын, қой дегенді білмейтін, үлкендерден ықпайтын, қыңыр ұрпақ неге көбейді? Елшіл, мемлекетшіл, ертеңшіл толқын қайда? Ұл-қызға дұрыс тәрбие бермесек, тұлға қалай шығады?", - деп алаңдады сенатор.

Ол өткен жылы сенатта өткен парламенттік тыңдауда 5 құндылық, атап айтқанда тәуелсіздік пен тарихи таным, ел мен жер, тіл мен имандылық, ұлттық дәстүр мен отбасылық тәрбие, білім мен біліктілік қазақ қоғамының басты қағидаттары ретінде күн тәртібіне шығарылғанын атап өтті.

Сонда үкіметке, тиісті министрліктерге ұсынымдар берілгенімен, соның бірде бірі назарға алынбады дейді депутат.

"Айтылған сөз айтылған жерде қалды. Сізден сол парламенттік тыңдау материалдарын үкімет мүшелерінің бәріне таныстыруды, соларды жүзеге асыру үшін шұғыл әрекет етуді талап етемін", - дейді Нұртөре Жүсіп премьер-министрге.

Осы ретте сенатор үкімет жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Айтуынша, үкімет мүшелері өз жұмысын бөлек-бөлек атқарады. Әр ведомство өз көрпесін өзіне қарай тартады. Ортақ бағыт, ортақ жоспар, үйлесімді іс-қимыл жоқ.

Сондай-ақ, депутат теледидар мен БАҚ-тағы хабарларға назар аударуға шақырды. Оның сөзінше, Қазақстанның ақпарат кеңістігі қаптаған шоу мен мән-мағынасы шамалы телехабарларға толып кеткен. Барлық телеарна рейтинг қуу ісімен айналысады.

Нұртөре Жүсіп ұлттық мемлекет құрып жатқанда, ешқандай рейтингтің қажеті жоқ деген пікірде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952158-tik-tok-arqyly-tarbielenip-zatyr-belgili-deputat-qazirgi-urpaqtyn-tarbiesi-zaily-soz-qozgady/

pixel