Болат Жәмішев "Қазақстан халқына" қорының қамқоршылық кеңесіне енген адамдар тізімін кімдер ұсынғанын айтты

Опубликовано:

Болат Жәмішев
Видеодан кадр: 24.kz

Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылған "Қазақстан халқына" қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев қордың жұмысы туралы сұхбат берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қазақстан халқына" қорының төрағасы Болат Жәмішев Хабар 24 арнасындағы "Ошақбаев LIVE" бағдарламасына берген сұхбатында ұйымның қалай құрылғаны жөнінде айтты.

"Қорды қоғамдық ұйым ретінде жеке тұлғалар немесе қоғамдық бірлестіктер құра алады. Біздің жағдайда құрылтайшылар қатарында төрт қоғамдық бірлестік болды. Көптеген адам қордың қалай құрылғанын сұрауда.

Бұл үкіметтің әлеуметтік блогы - денсаулық сақтау, білім беру және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен белсенді жұмыс істейтін төрт қайырымдылық ұйымы деп айта аламын. Бұл төрт ұйымды құрылтайшы ретінде тарту осы министрліктердің бастамасы болды.

Құрылтайшылардың басқа қатысушылардан артық құқықтары жоқ. Қорды ұйымдастыруға осы төрт қоғамдық ұйым мұрындық болды. Қысқа мерзімде ұйымдастыру ниеті болғандықтан, осындай шешім қабылданды", - дейді Болат Жәмішев.

Ол жаңадан құрылған әлеуметтік қорға қайырымдылық ұйымдары мүше бола алатынын атап өтті. Жәмішевтің сөзінше, қорға кейіннен мүше болған қайырымдылық ұйымдарының құқығы да құрылтайшылармен бірдей болады.

Осы ретте Жәмішев қордың қамқоршылық кеңесіне енген адамдар тізімі қалай құрылғанын түсіндіріп өтті, себебі, қоғамда "неліктен қамқоршылық кеңес мүшелерін бүкіл халық сайламады" деген сұрақ туындаған.

"Қор мемлекет басшысының бастамасымен құрылғандықтан, белгілі бір кәсіпорын бұл қорға өз еркімен жарна аударған кезде қаражатты тиімді пайдалану бойынша үкіметтің белгілі бір моральдық міндеттері бар екені анық.

Сондықтан бұл жағдайда үкімет қорды ұйымдастырғаны сияқты қамқоршылық кеңеске енетін адамдардың тізімін бекітті", - дейді қор төрағасы Болат Жәмішев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952164-bolat-zamisev-qazaqstan-xalqyna-qorynyn-qamqorsylyq-kenesine-engen-adamdar-tizimin-kimder-usynganyn-aitty/