Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елдегі тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен қазақстандықтардың несие төлеу мерзімі шегеріледі

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев ОКҚ-да өткен брифингте жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен қазақстандықтар мен кәсіпкерлердің несие төлеу мерзімі 3 ай кейінге шегерілетінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Александр Терентьевтің хабарлауынша, елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты көптеген кәсіпкер мен қарапайым азаматтар коммерциялық қызметтерін және жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды, бұл табыстың төмендеуіне әкелді.

Сонымен қатар, тәртіпсіздіктер кезінде кәсіп иелері айтарлықтай материалдық шығынға батты. Енді бүлінген мүлікті жөндеуге және жұмыс режимін қалпына келтіруге уақыт қажет.

"Биыл жыл басында агенттік дереу банктермен және микроқаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізіп, барлық кредиторлар үшін несиелер мен микрокредиттердің барлық түрлері бойынша төлемдерді кейінге қалдырудың бірыңғай тәртібін қабылдады.

Несие төлеу мерзімін кейінге шегеру барлық зардап шеккен заңды және жеке тұлғаларға төтенше жағдай енгізілген күннен бастап 3 айға беріледі", - деді Александр Терентьев.

Оның сөзінше, несие төлеу мерзімін кейінге шегеру кезеңінде барлық банктер және микроқаржы ұйымдары тұрақсыздық айыбының, айыппұлдың, өсімпұлдың сомасын есептемейді.

Одан бөлек, несие төлеу мерзімін өткізіп алу немесе кешіктіру қарыз алушының несиелік тарихын нашарлатуға, несиелік бюроларға ол туралы теріс ақпарат беруге негіз болмайды.

"Кейінге шегеруді алу үшін қарыз алушы кез келген қолжетімді байланыс құралдары немесе несие берушінің филиалына өзі бару арқылы еркін түрде өтініш жазуы керек. Бұл 2020-2021 жылдардағы пандемия кезеңінде кейінге шегеру үшін қолданылған өте икемді процедура", - деді ол.

Терентьевтің айтуынша, барлық зардап шеккен қарыз алушы несие берушіге өтінішті 3 ай ішінде, яғни 2022 жылдың 5 сәуіріне дейін бере алады. Бұл ретте, өтініш берген күнге қарамастан, несие төлеу мерзімін шегеру төтенше жағдай енгізілген күннен бастап есептеледі.

Еске сала кетсек, бұған дейін Александр Терентьев елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың несиесі кешірілетінін айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952206-eldegi-tartipsizdikter-kezinde-zardap-sekken-qazaqstandyqtardyn-nesie-toleu-merzimi-segeriledi/

pixel