Биыл көктемде әскерге шамамен 17 мың азамат шақырылады
Опубликовано:

Еліміздің Қорғаныс министрлігі 2022 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындалып жатыр. Көктемде әскер қатарына 18-27 жас аралығындағы шамамен 17 мың азамат шақырылады. Бұл туралы ведомство ресми сайтында хабарлады.
2022 жылғы көктемгі шақыру науқаны басталуына байланысты қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар мен бөлімдер әскерге шақырылғандардың жеке істерін зерделеу және жеке мәліметтерін нақтылау, жастармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесу жүргізуде.
"Зерделеу барысында әскерге шақырылушылардың алған мамандықтары міндетті түрде ескеріліп, сонымен қатар, олардың моральдық және іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене бітімі, жалпы білімі, арнайы дайындығы мен отбасы жағдайы жөніндегі мәлімет нақтыланады.
Әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылған, тергеуде жүрген, заңсыз қоғамдық бірлестіктердің немесе дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері ретінде арнайы есепте тұрған адамдар басты назарға алынады", - делінген хабарламада.
Министрлік бұл тәсіл әртүрлі әскер түрлерінде әскери қызметке дайын жас жігіттердің сапалық құрамын анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Одан бөлек, әскерге шақырудан босату негіздерінің заңдылықтары, оның ішінде денсаулық жағдайы да тексеріледі.
Ведомствоның дерегінше, күн сайын шақыру пункттеріне 800-900 әскерге шақырылушы келеді. Әскерге шақыру жасындағы барлығы 90 мыңнан астам адам зерделенеді. Ал көктемде шамамен 17 мың қазақстандық Отан алдындағы борышын өтейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952272-biyl-koktemde-askerge-samamen-17-myn-azamat-saqyrylady/