"Самұрық-Қазына" қорының қызметкерлер саны 50 пайызға қысқарады

Опубликовано:

Самұрық- Қазына
Фото: "Самұрық- Қазына" қоры

"Самұрық-Қазына" қоры штаттағы қызметкерлер санын 50 пайызға қысқартатын болды. Бұл туралы қордың ресми сайтында хабарланды.

Қор басқармасының шешімімен жаңа ұйымдық құрылым бекітілген. Оған сәйкес, қор қызметкерлерінің саны екі есе, яғни 248-ден 124-ке дейін, ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарады.

Сонымен бірге, құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге (33 пайыз) дейін қысқартылған, "кеңесші" қызметтері жойылған.

Сондай-ақ, қордың шетелдегі өкілдіктерін жабу туралы да шешім қабылданған.

"Бизнес жолындағы кедергілерді жоюға бағытталған тікелей сатып алудың жаңа тәртібі мен қадағалау, маркетинг, және импорттың орнын басу ережелері алдын-ала бекітіліп, қаржы министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, және "Атамекен" ҰКП-ге қарастыруға жіберілді.

Бір көзден сатып алуға негіз болатын факторлар қысқартылды. Аталған құжаттарды Директорлар кеңесі қабылдаған соң Қордың корпоративтік орталығы сатып алу әдістемесін дайындау, сатып алуларды қадағалау және бақылау функцияларын атқарады.

Одан бөлек, портфельдік компанияларға "Самұрық-Қазына" қорын реформалау бойынша президент тапсырмаларын орындауды қадағалау жөніндегі құжат жіберіліп, жауапты қызметкерлер, іске асыру мерзімдері мен қадағалау индикаторлары анықталды.

Сонымен қатар, "Самұрық-Қазына" АҚ Басқармасының 2022 жылдың 24 қаңтарындағы шешімімен, "Самұрық-Қазына Инвест" ЖШС Бас директоры А. К. Сұлтановтың, "Samruk-Kazyna Construction" АҚ Басқарма төрағасы Б.А. Сандықбаевтың, "Самұрық-Қазына Контракт" ЖШС бас директоры А.Ж. Ақыловтың, "Самұрық-Қазына Бизнес Сервис" ЖШС бас директоры С.К. Елшібековтың уәкілеттіктері мерзімінен бұрын аяқталып, олармен еңбек қатынастарын тоқтату келісілді.

Басқарма үкіметке жолданатын қорды реформалау бағдарламасын дайындау мерзімдерін бекітті", - дейді "Самұрық-Қазына" қоры.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952726-samuryq-qazyna-stattagy-qyzmetkerler-sanyn-50-paiyzga-qysqartpaq/