Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Не күй кешіп жатқаны беймәлім": Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған жігіттің туыстары жанайқайын айтты

Жарияланған күні:

Фото
Фото: Алматы телеарнасы

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен тергеуге алынған Өркен Ерзаттың жақындары жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, ұлының қандай жағдайға душар болғанын естіген бетте Алматыға келген Күлмәрия Нұрахымбек баласының тәртіпсіздікке қатысқанына сенбейді.

Ол "кенже ұлым оқиғаның куәгері болғаны үшін ғана күдікті атанып отыр" дейді. Сондықтан бұл істе барлығы әділетті болғанын сұрайды.

Өркен Ерзат 2017-2021 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да мемлекеттік грантта оқыған. Диплом алғаннан кейін, ұстаздық етіп, мұғалім болып жұмыс істеген.

Туған әпкесінің сөзінше, Өркен 5 қаңтар күні үйге келе жатқан екен. Алайда сол күні автобус жүрмеген. Сондықтан таксимен жетіп алу мақсатында жолға шығыпты. Интернеттің бұғатталуына байланысты қолма-қол ақша керек болып, есепшоттан шешпек болған. Жолда жатқан жаралыларды көріп, оларды жедел жәрдем көлігіне салып жіберуге көмектесіпті. Сол сәтте кенеттен оқ тиген дейді.

"Бауырым сол орында 20-30 минут қана болды. Сол кездің өзінде жараланып қалды. Сосын 13 қаңтарға дейін ол менің үйімде болды. 13-і күні сағат 12:40-та біздің ауданның полицейлері келіп: "Үйлеріңде ер адам бар ма? Шықсын" деді. Бауырымды ұстап алып кетеді деген ой болмады. Бауырымды шақырдым. Олар бауырымның жарақатын көрді де, бірден 2 сағаттық сұрақ-жауап аламыз деп алып кетті. Содан бері бауырымның не күй кешіп жатқаны маған беймәлім", - дейді әпкесі Ардақ Ерзат.

Әр хабарды күтіп отырған туған әпкесінің інісін көрмегеніне он күннен асқан. Соңғы рет телефон арқылы тілдескенде өзіне "митингке шықты" деген айып тағылып жатқанын айтқан.

15 қаңтарда Қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен 2 айға қамауға алынғаны хабарланған.

Мемлекет тарапынан тағайындалған кезекші адвокаттың сөзінше, тергеу енді басталды.

Ал Ішкі істер министрлігі азаматтарға қарсы күш қолданудың әрбір фактісінің мұқият тексерілетінін мәлімдеді.

"Ішкі істер министрлігі азаматтарға қатысты күш қолдану фактілеріне баса ден қояды. Әрбір факт полиция ғимараттарында және қоғамдық орындарда орнатылған бейнекамераларды талдау арқылы мұқият зерттеледі", – дейді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Азаматтар құқығын қорғау мақсатында Бас прокуратура ел бойынша кезекші прокурорлардың тізімін жариялады. Оларға құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерінің ұстап алу, жеткізу, қылмыстарды тергеу барысындағы заңсыз әрекеттеріне азаматтың шағымы болса, хабарласа алады.

Материал авторы: Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952777-ne-kui-kesip-zatqany-magan-beimalim-qantar-oqigasynan-keiin-ustalgan-mugalimnin-tuystary-zanaiqaiyn-aitty/