"Екінші күні сұмдық болды": Алматыдағы Ұлттық музей басшысы басынан кешкенін айтып, көзіне жас алды
Жарияланған күні:
Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде Ұлттық музейдегі құнды жәдігерлерді қаз-қалпында сақтап қалып, екі күн бойы орталықтың тыныштығын күзеткен қызметкерлердің батыл әрекеті ел аузында. Бұл ретте музейдің есігін бұзып кірген 200-дей адамға аналық ақылын айтып, сабырға шақырған музей директорының қызметін атқарушы Бибігүл Дәндіғараеваның еңбегі зор болған. Ел басына күн туған қиын күндері ұлттық құндылықтарды сақтау үшін қолынан келгенше күрескен музей басшысы болған жайтты баяндап, көзіне жас алды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы ол "Әйел әлемі" бағдарламасында кеңінен әңгімелеп берді.
Алматыда қаңтардың 5-нен 6-на қараған түн барша халық үшін үрейлі болды. Әсіресе, дәл мегаполистегі резиденция маңында нағыз қан майдан орын алғаны белгілі. Бұл тұста Назарбаев даңғылының бойында, яғни резиденцияға қарама-қарсы орналасқан Қазақстанның Ұлттық музейі мен ондағы жәдігерлерге шын мәнінде қауіп төніп тұрған еді. Десе де, музейдің абыройын оның ержүрек қызметкерлері, оның ішінде директор қызметін атқарушы Бибігүл Дәндіғараева сақтап қалыпты.
Бұл кісі туралы бүгінде БАҚ жарыса жазуда. Оның митингіге қатысушыларға басу айтып, аналық мейірімін көрсетіп, агрессиялы топтың ғимараттың талқанын шығаруға жол бермеуі - ерлікпен пара-пар әрекет деп бағалануда. Бибігүлдің айтуынша, сол күні өз отбасын да ұмытқан. Оның барлық ойы - музейді сақтап қалу болған. Екі баланың анасы, үш немеренің әжесі тіпті "өзімнің өмірім үшін де қорықпадым", дейді.
"Сол күні бірлердің не он екілердің шамасында "бүгін музейде қаламыз деп" шешім қабылдадым. Атысып жатқандардың кіруі мүмкін екені ойымда жоқ. Жағдай ушығып келе жатқаннан кейін әйтеуір музейде болайық деген ойым болды. 5 қаңтар күні түс қайта 4-ке он минут қалғанда топ кісі келіп, есіктің аузын тарта бастады. Мен ол кезде камера мониторына қарап, бақылап отырдым.
Беске таман қауіпті бола бастады. Есікті арғы жағынан ұзақ тұрып барып, сындырды. Сол сәтте менде де қорқыныш болды. Орнымнан тұрып, не істеймін деп ойлаған шығармын. Білмеймін", - дейді әйел.
Айтуынша, қайта-қайта музейдің біресе үстіне, біресе астына түсіп, есі шыққан. Жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайтын даңғарадай ғимаратта небәрі 7-8 қызметкер қалған.
"Біз ары-бері бір-бірімізді іздеп жүргенде, есікті ашып, дабыл жүйесін, камераларды сындырып тастапты. Қолдарында темірлері бар, қалқандары бар, банкоматтың алдында тұр екен. Сол сәтте есімді жинай қойдым. Жүгіріп келе жатқанда-ақ, алдарынан шығып, "Айналайындар, алтындарым, балаларым, қайда кеп тұрғандарыңды білесіңдер ме? Бұл музей ғой. Бұл - біздің тарихымыз, халықтың тарихы, сендердің тарихтарың. Музей құрыса, тарихымыз ұмытылады, жоқ болады. Ұлтымыздың, халқымыздың мұрасы" деп барынша айта беріппін.
Тоқтамай сөйлей беріппін. Бар дауыспен "ештеңеге тимеңдер" деп айқайладым. Олар кіріп жатыр, кіріп жатыр, көбейіп кетті. Жай келген жоқ, тарсылдатып жүр. Қыздар мені өлтірген шығар деп ойлапты. "Банкоматқа барды, "Алтын адамға" қарай берді. Мен бұл "Алтын адам емес, қаңылтыр" деп айтқаным есімде. Келгендердің дені 21-25 жастағы, ұзаса 35 жастағы жастар", - дейді ол.
Абырой болғанда алып ғимараттың іші ала-көлеңкеленіп, анық ешнәрсе көрінбей тұрған екен. Десе де, музей басшысы ондағы көне қару-жарақтарды, құнды саналатын әшекейлер үшін қатты алаңдаған. Себебі, ондағы әрбір затты музей қызметкерлері тірнектеп жинаған.
"Ең құнды тарихи-этнографиялық, антропологиялық артефактілердің барлығы осында сақталған. Олардың жалпы саны 300 мыңға жуықтайды. Бөкей ордасының ханы Жәңгір ханның жеке заттары мен оның жұбайы Фатима ханшаның киімдері бізде сақталған. Орынбор музейінен келіп жеткен Египет фараонының мумиясының қолы, Абайдың тоғыз құмалағы сынды таптырмас жәдігерлердің барлығы осында. Алтын бұйымдар да бар. Сондықтан, бұл жерде бізді қызметкерлердің табандылығы, мәмілегерлігі, қайсарлығының арқасында осының бәрі сақталып қалды", - дейді музей директоры, ғалым Нұрсан Әлімбай.
Айта кету керек, мұражайдың жертөлесінде дәл сол сәтте қатты жараланған 15 шақты курсант жатқан еді. Музей қызметкерлері оларды агрессиялы топтан құтқару үшін артқы есіктен ата-аналарына шығарып берген.
Бибигүл Дәрдіқараева, абырой болғанда, музейге келген адамдар тобы сөзге тоқтап, сабырға келгенін айтады. Алайда сол күні басынан кешкен оқиғалардан ол әлі күнге дейін есін жинай алмай жүр екен.
"Сол оқиғалардан жан-дүниемде бірдеңе қозғалып кетті. Бір орында отыра алмаймын. Қазір үйге келіп, демалып ақырындап қалпыма келе бастадым. Ішімде бір мазасыздық бар. Психологқа әлі барған жоқпын. Ұйықтамаймын. Есік ашық тұрды, ар жағында айқай-шу, шыңғырған дауыс, жарылыстар, жанған от. Сол кездегі ситуацияны айта алмаймын. Жағдайым өте қиын болды. Музейдің терезелерін оқ тесіп жатыр, от жанып жатыр, өртенген көлік, есіктің алды қан", - дейді ол.
Музей қызметкерлері ғимаратта бір емес, екі күн түнеген. Айтуынша, екінші күнгі жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
"Екінші күнгі жағдай енді сұмдық болды. Андай оқ, андай жарылысты мен өмірімде көрмеппін. Қып-қызыл боп кетті жан-жағым. Оқ деген тоқтамай атылды. Жарылып жатқан не екенін де білмейміз. Екінші күні сұмдық болды. Терезеге жақындау мүмкін емес", - деп әсерімен бөлісті әйел.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952830-ekinsi-kuni-sumdyq-boldy-almatydagy-ulttyq-muzei-bassysy-basynan-keskenin-aityp-kozine-zas-aldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.