Бас прокуратура: Ұрланған қаруды өз еркімен тапсырғандар жазадан босатылады
Опубликовано:

Тәртіпсіздік кезінде ұрланған қаруды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қилымжановтың сөзінше, құқық қорғау органдары қылмыстық істерді тергеумен қатар, ұрланған қаруды іздеу және оларды тәркілеу жұмыстарын жалғастыруда.
"Ішкі істер министрлігінің өкілі айтқандай, қаруларды өз еркімен тапсыру мүмкіндігі бар. Өз кезегінде Бас прокуратура заңсыз сақталған қаруларды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды өз еріктерімен тапсырған адамдарға қылмыстық жауаптылықтан босату кепілін береді", - дейді Бас прокуратура өкілі.
Оның айтуынша, қаруды өз еркімен тапсырғандардың әрекеттерінде басқа да қылмыс құрамы болмауы керек.
"Сонымен қатар азаматтардың назарына айта кететін жайт, адам қарумен жүріп, құқық қорғау органдарына ұсталса, ондай жағдай өз еркімен қаруды тапсыру деп танылмайды. Ішкі істер органдарына заңсыз айналымнан атыс қаруларын алу бойынша жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шараларды жандандыру туралы тапсырма берілді", - дейді Елдос Қилымжанов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласының полиция департаменті қару мен оқ-дәріні заңсыз сақтаған азаматтарға оны ерікті түрде полицияға тапсыруға мүмкіндік берілгенін, сонымен қатар, олар қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын хабарлаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952958-bas-prokuratura-urlangan-qarudy-oz-erikterimen-tapsyrgandar-zazadan-bosatylady/