Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шаш ал десе, бас алу": Қазыбек Иса жазықсыз тұтқындалып, соққыға жығылғандардың мәселесін көтерді

Опубликовано:

Қазыбек Иса
Қазыбек Иса. Фото: qazaquni.kz

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бейбіт митингке шыққаны үшін тұтқындалып, жазықсыз жазаланған халықтың мәселесін көтерді. Ол әлеуметтік желілерде құқық қорғау органдары тарапынан азап шеккендерін айтқан азаматтардың көбейіп кеткенін жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат Facebook парақшасында алаңға шыққаны үшін жастардың жазықсыз тұтқындалып, соққыға жығылып, азапталып жатқандары туралы көптеген нақты мәлімет пен видеолар бар екенін айтады.

"Бізге жан-жақтан осындай арыздар түскенде, жазалау "шаш ал десе, бас алуға" жалғасып, енді жазықсыз жандар, олардың көбісі жастар, жазаға ілініп кетпеуі тиіс. Бізде сан қуалап, жоспар орындау деген келеңсіздіктер бұрын да болған. "Ақ жол" партиясы бұған дейін де бірнеше рет Бас прокуратураға хат жазған болатын. Тіпті олардың ішінде митингіге қатыспай-ақ, ауруханада өз жарақатымен жатқандарды тұтқындап алып кетіп, түрмеде азаптау қандай заңға, қандай адамдыққа жатады?", - деп жазды депутат.

Қазыбек Иса Алматыда емханаға келіп, қайтар жолда аяғына оқ тиіп ауруханаға түскен жігіттің оқиғасын мысалға келтірді.

"Бізге келген видео-мәліметте шалғайдағы Шардарадан Алматыға жұмыс іздеп барып, үй жөндеумен айналысып жүрген Сүндет Тоғайбайұлы Түркменбай қаңтардың 5-і күні түстен кейін Төле би-Байтұрсынұлы көшелеріндегі емханада дәрігерге қаралып, анализдерін алып, үйіне бара жатқанда аяғына оқ тиеді.

Қансырап жатқан ол № 12 ауруханаға жеткізіліледі. Оны осында емделіп жатқан жерінен 8 қаңтар күні түрмеге алып кеткен. "Алаңда болдым" деп мойында" деп, ұрып-соққан.

"Ешқандай митингіге қатыспаған, ауруханада жатқан менің балам СИ-18 түрмесінде неге жатыр?" деп, көз жасын көл етіп еңіреп, қайта-қайта талып қалып жатқан анасы Гүлшат Қамысбаеваның видеосын көргенде шыдап тұра алу мүмкін емес! Әке-шешесі жалғыз сиырын сатып адвокат жалдап Алматыда жүр енді…", - дейді ол.

Қазыбек Иса полициядан тек қылмыс жасағандарды жазалауды сұрады.

"Көшеде көлденең содырлардың сойылын жеп, қаңғыған оқтан жарақаттанған жазықсыз жандар енді түрмелерде соққылар жеуін шұғыл тоқтату тиіс. Ереуіл күндері көшелерде болған қанды қырғын енді түрмелерге ауысқаны не масқара?!", - деп ашынды депутат.

Қазыбек Иса қоғамдағы жағдайға бас прокуратурамен бірге қоғамдық бақылаулар орнату керек деп санайды. Депутат бұл бағытта Абзал Құспан бастаған адвокаттар комиссиясын және қоғамдық бақылауларды қолдауға шақырды.

Сондай-ақ ол парламентте де адам құқығының бұзылуын қадағалайтын комиссия құруды ұсынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953012-sas-al-dese-bas-alu-zalgasuda-qazybek-isa-zazyqsyz-tutqyndalyp-soqqyga-zygylgandardyn-maselesin-koterdi/

pixel