Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікпен қамауда отырған 11 адам босатылды

Жарияланған күні:

Кісен
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікпен қамауда отырғандар арасында 11 адам босатылды. Оның жетеуі – тергеу изоляторында, қалған төртеуі ауруханада болған. Олар оқиға кезінде жарақат алған. Барлығы қанды оқиғаға ешқандай қатысы жоқтығын айтып сендіруде, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

"Маған азаматтық киім кигендер оқ атты. Олар азаматтық киім киіп алғанымен, қолдарында мылтық болды. Қолым ісіп кетті. Күдікті ретінде ұсталдым. Олар мені митингтерге қатысып, халыққа қарсы шықты деп отыр", - дейді ұсталғандардың бірі.

Тағы бір күдіктінің айтуынша, ол күзет фирмасында жұмыс істейді. Сол себепті қаңтар оқиғасы кезінде өзі күзететін нысандарға барған.

"Мен өзімнің жеке көлігіммен нысандарды араладым. Күзет басшысымын. Қорғалатын барлық нысаннан жарықты өшіріп, күзетшілер қауіпсіз жерде отырсын деген бұйрық алдық... Қаруы барларды қамауға алып кетіп жатты дейді. Өзелерді білмеймін, бірақ мені ешкім соққыға жықпады", - дейді ол.

Тергеу изоляторының алдында қамаудан босап шыққандарды туған-туыстары мен жақындары қарсы алды. Күдіктілер ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

Қорғаушыларының айтуынша, қамауда отырғандардың барлығы – тәртіпсіздік жағдайында ұсталғандар. Олардың мүддесін "Аманат" қоғамдық комиссиясын құрған адвокаттар алқасы қорғайды.

Заңгерлердің сөзіне сенсек, бейбіт митингке шығып, соңынан қанды оқиғаның бел ортасында қалған қарапайым азаматтар да қамауда отыруы мүмкін.

Сондай-ақ, адвокаттар құқық қорғау органдарының әрекеттерін заңдылыққа тексеріп, прокурорлармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Айта кетерлігі, қазір тек Алматы изоляторының өзінде 250-ден астам күдікті қамауда отыр.

"Біз тек Алматы қаласы бойынша жұмыс істемейміз. Оқиға Қызылорда, Таразда да болды. Әріптестеріміздің қолдауына сенеміз. Бір жүйе бойынша жұмыс жасалынады. Ақысыз. Барлығы тегін. Комиссия құрамын әлі толық білмейміз. Өйткені комиссия әлі толық құрылып бітпеді", - дейді адвокат Абзал Құспан.

Дереккөз: "КТК" арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953023-almatydagy-tartipsizdikterge-qatysty-degen-kudikpen-qamauda-otyrgan-11-adam-bosatyldy/