Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елжан Біртановтың ісі: Сотқа 141 том материал түскен

Жарияланған күні:

Елжан Біртанов
Елжан Біртанов онлайн сот отырысы кезінде. Кадр: NUR.KZ

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісі бойынша алғашқы алдын ала сот тыңдауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басылымның мәліметінше, алдын ала тыңдау барысында қорғаушы Серік Сағалиев Елжан Біртановтың өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтты.

"Біздің қорғауымыздағы Елжан Біртанов сотқа дейінгі тергеу барысында да тағылған айыпты мойындаған жоқ қазір де мойындамайды", - дейді ол.

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Ибрагим Әлкенов айыпталушы тараптан іс материалдарына қатысты қандай да бір қарсылық, шағымдары бар-жоғын сұрады.

Экс-министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің адвокаттары айыптау материалымен танысып үлгермегенін айтып, құжаттармен толық танысып шығуға мүмкіндік беруді сұраған.

Ал күдікті Олжас Әбішевтің өзі мемлекеттік іс материалының нақты көлемі туралы бүгін ғана шынайы ақпарат алғанын айтты.

"Бүгін мен білетін 133 томнан басқа тағы 4 том бар екенін бірінші рет естіп тұрмын. Бұл мен үшін жаңа мәлімет. Ресми түрде мәлімдегім келеді, неге тергеу органы бұл томдарды жасырып қалған? Мақсаттары қандай болған? 133 том бар деп жүргенбіз. Бүгін тағы 4 том бар деп отыр. Сонда барлығы 137 том болып шығады. Бұл 4 том туралы бізге неге ешкім айтқан жоқ?", - дейді Олжас Әбішев.

Судья Ибрагим Әлкенов бұл сұрақты ертеңгі тыңдауда процессуалдық прокурорға қоюға кеңес берді. Оның айтуына қарағанда, Елжан Біртановтың ісі бойынша сотқа 141 том материал түскен.

"Сотқа айыптау актілерін қосқанда 141 том материал келіп түсті", - дейді судья.

Аталмыш іс бойынша алдын ала тыңдау ертең, яғни, 27 қаңтар күні сағат 15.00-де жалғасатын болды.

Естеріңізге сала кетейік, денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов 2020 жылдың қазан айында ұсталған болатын.

Оған қарсы аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ысырап етті деген айып тағылды, кейіннен айыптау "лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану" деп қайта сараланды.

2020 жылдың қараша айында сот Біртановты үйқамақта ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Тергеу барысында экс-министрді үйқамақта ұстау мерзімі сегіз рет ұзартылды. Біртановтың өзі барлық айыптауды жоққа шығарып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953159-elzan-birtanovtyn-isi-sotqa-141-tom-material-tusken/