Достық және Алтынкөл стансаларының басшылары қызметтен босатылды

Опубликовано:

Бекет
Фото: Sputnik Қазақстан

Қаржы министрі Ерұлан Жамауабаев пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы Нұрлан Сауранбаев Қытай шекарасындағы кеден бекеттерін тексеріп шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Олар алдымен KTZE-Khorgos Gateway құрғақ портын, одан кейін "Нұрлы жол" мен "Алтынкөл" өткізу бекеттеріне барды. Сондай-ақ жүк тасымалдаушылармен кездесіп, Қазақстан-Қытай шекарасында бизнесті жүргізу мәселесін талқылады.

"Сапар қорытындысы бойынша Достық және Алтынкөл шекара маңындағы теміржол стансаларының басшылары өз қызметтерінен босатылды", - делінген ресми хабарламада.  

Айта кетері, президент Қасым-Жомарт Тоқаев кедендік шекарада кешенді тексеру жүргізуді және тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Тоқаевтың тапсырмасы

11 қаңтарда президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кедендегі былықтарды жоюды тапсырды. Әсіресе, Қытай шекарасындағы кеден бекеттерінде тәртіпсіздіктер көп. Көліктер тексерілмейді. Салық пен баждар төленбейді. Ал ресми статистика Қытай Халық Республикасының кеден органдары ұсынған ақпаратпен сәйкеспей жатады. Екі жақты есеп айырмашылығы миллиардтаған долларды құрайды.

"Орталық Азия – ҚХР" онлайн саммитінде Тоқаев кеден шекарасындағы тәртіпті орнату жұмыстыраның басталып кеткенін айтты.

"Біз кеден шекарасында тәртіп орнату бойынша тиімді жұмыстарды бастадық. Сонымен қатар заңсыз әрекет арқылы бизнес үшін түрлі кедергі келтірген кәсіпкерлермен күрес жүргізіп жатырмыз. Заңға қайшы мұндай әрекеттерге қарсы бағытталған жұмыс жақын уақытта нәтижесін береді деп сенемін", - деді Тоқаев.

Ал мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сәйкес, тексеріс үшін арнайы топ құрылды. Оған бас прокуратура, қаржы мониторингі агенттігі және қаржы министрлігінің мамандары кіреді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953361-dostyq-zane-altynkol-stansalarynyn-bassylary-qyzmetten-bosatyldy/