Қазақ-өзбек шекарасында вагондарға тиелген 2 мың тоннадан астам картоп шіріп кетуі мүмкін
Жарияланған күні:
Қазақ-өзбек шекарасындағы Сарыағаш кеден бекетінде картоп тиелген 35 вагон жіпсіз байланып тұр. Өзбекстандық тапсырыс берушілермен келісімшарт жасалып, ақшасын алып қойған отандық кәсіпкерлер Павлодардан артылған тауарды кеденнен өткізе алмаған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, Сарыағаш кеден бекетінде тұралап тұрған вагондардың барлығына картоп тиелген. Павлодардан көкөніс артқан жүк вагондарының алды екі апта бұрын келсе, соңғысы жеті күн бұрын жеткен екен.
Кәсіпкерлердің сөзінше, суықта темір вагонға тиелген картоптың алды үсіп кетіпті. Ал шекарада осындай күйге түскен 35 вагон көкөніс тұр. "Әр вагонға 68 тонна картоп тиедік" деген кәсіпкерлер 2380 тонна өнімнің шетінен шіріп жатқанын айтады.
Өзбекстандық кәсіпкерлермен келісімшартқа отырып, Павлодардың өнімін жеткізіп береміз дегендер енді не істерін білмейді.
"Не жағдай екенін біле алмай жатырмыз. Кеденге келеміз, бұлар шекара қызметіне сілтейді. Шекара стансаға жібереді. Не жағдайда тұрғанын біле алмай жатырмыз. Қашан кетеді. Ақшасы төленіп қойған Өзбекстанға. Өзбекстаннан сұрап жатыр қашан келеді, қашан қояды деп. Өткізбесе төлемді қайтадан жіберуім керек. Ал, тауар жарай ма, жарамай ма, белгісіз. Жартысы мұздап қалған", - деді кәсіпкер Нұрғали Орманов.
Әр вагондағы картоптың құны 12 млн теңге екен. Оған қоса тасымалдау мен вагондарды жалға алғаны үшін төлейтін ақшасы бар.
Ал кеденшілер бағаны тұрақтандыру мақсатында сәбіз бен картопты шекара асырмау туралы үкімет қаулысы бар екенін айтты. Сондықтан қаңтардың 19-нан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті жіберуге құқымыз жоқ дейді.
"Бұл вагондар 15-і келмеген. Бұл вагондар 19-шы қаңтардан бастап келген вагондар. Бірақ құжаттарын көрсетіп тұр ғой. Құжаттарын көрсетсе осы ресми телевидениеге көрсетсін. Біз теміржолмен салыстырамыз. Жымысқы әрекеттер орын алған жоқ. Ондай фактілер жоқ. Ол бойынша орын алған жағдайдың өзінде сол жұмыспен айналысатын құзырлы органдар бар", - деді Сарыағаш кеден бекеті бастығының орынбасары Есдәулет Шалқаров.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953396-qazaqstan-ozbekstan-sekarasynda-vagondarga-tielgen-2-myn-tonnadan-astam-kartop-sirip-ketui-mumkin/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.