Ақтөбедегі тәртіпсіздіктер: Полиция ұсталғандарды қайда апарғанын көрсетті (фото, видео)

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Әлеуметтік желіде Ақтөбедегі тәртіпсіздік кезінде ұсталғандарды тәртіп сақшылары соққыға жыққаны туралы ақпарат тарағаннан кейін журналистер үшін пресс-тур ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері адамдардың қайда әкелінгенін көрсетті, деп хабарлайды "Диапазон".

№1 қалалық полиция бөлімі

Мұнда жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдіктілерді жеткізген. Тәртіп сақшылары қызметтік кабинеттер мен дәліздерде орнатылған бейнекамераларды көрсетті. Олардың сөзінше, барлық жерде бақылау жүргізіледі, егер ұрып-соғып, қинау фактілері болса видеоға түскен болар еді.

№1 қалалық полиция бөлімінің басшысы Берік Бисекеновтің сөзінше, оның және басқа қызметкерлердің ешқандай камераны өшіруге немесе жазбаны жоюға мүмкіндігі жоқ. Видеоны полиция департаменті де, ішкі қауіпсіздік басқармасы да көре алады.

Фото
Фото: Диапазон

Өзін полицейлер ұрып-соқты деп айыптаушылардың біріне Берік Бисекенов жарақатты бөлімге жеткізгенге дейін басқа жерден алған болуы мүмкін деп жауап берді.

Журналистерге әрқайсысы 4 адамға арналған екі камера көрсетілді. Ұсталғандарды осында қысқа мерзімге әкеледі.

Әкімшілік қамауға алынғандар үшін арнайы қабылдау орны

Мұнда да барлық жерге, соның ішінде дәліздер мен әкімшілік жазасын өтеп жатқандардың камераларына да бақылау камерасы орнатылған.

Орын 88 адамға есептелген, мұнда сот шешімімен әкеледі. Журналистер келген кезде 62 құқықбұзушы отырған. Оның жетеуі заңсыз митингтер кезінде ұсталған.

Камераларда 4 және 8 адамнан отырады, үш мезгіл тамақ беріледі. Мәселен, бір күнгі ас мәзірінде ет қосылған көже, тауық еті қосылған палау, котлет пен макарон т.б. бар. Сондай-ақ, арнайы қабылдау орнында душты пайдалануға болады.

Фото
Фото: Диапазон

Ғимаратқа кіреберісте серуендеуге арналған шағын аула, қарама-қарсы қабырғада күн тәртібі бар. Күн тәртібінде қамауға алынғандар таңғы сағат 7-де тұратынын, кешкі сағат 22:30-да ұйқыға жататынын көруге болады.

"Төтенше жағдай күндері мұнда 249 адам жеткізілді. Оның 183-і прокуратураның қарсылығынан кейін бостандыққа шықты", - деді Ақтөбе ПБ арнайы қабылдау орны бастығының міндетін атқарушы Қаныбек Сафиянов.

Фото
Фото: Диапазон

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953493-policiya-aqtobede-tartipsizdikterden-keiin-ustalgandardy-qaida-aparganyn-korsetti-foto-video/