Қасіретті қаңтар: Тұрғымбаев қаза тапқан полицейлердің отбасына орден табыстады (видео)

Опубликовано:

Тұрғымбаев орден табыстады
Фото: polisia.kz

Мемлекет басшысының жарлығымен жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлері - Дархан Барғанаев пен Ербол Ержанов "Айбын" орденімен марапатталған болатын. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мемлекеттік наградаларды олардың отбасына табыстады, деп хабарлады Polisia.kz сайты.

"Біздің әріптестеріміз, полиция лейтенанты Дархан Барғанаев пен әділет прапорщигі Ербол Ержанов өмірінің соңғы сәтіне дейін Отанға, халыққа деген адалдығын көрсетті. Олар біз үшін әрқашан Отанға адал қызмет етудің, ерліктің және парызға берік адамның үлгісі болып қала береді", – деді Тұрғымбаев.

Министр ішкі істер органдарының қызметкерлері әрдайым қылмысқа қарсы күрес пен  қоғамдық қауіпсіздіктің алдыңғы шебінде  жүргенін ерекше атап өтті.

Күнделікті жұмыс кезінде полицейлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрады. Олар қиын жағдайларда бірнеше секунд ішінде жауапты шешімдер қабылдауға мәжбүр.

Әділет прапорщигі Ербол Ержанов Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/16 мекемесінде қызмет етті. Ішкі істер органдарына 1999 жылы келген. Ол жас қызметкерлерге тәлімгер болды. Артында екі баласы қалды. Ұлы әскери иститутта оқып жатыр.

"Әкесінің жолын қуу үшін сол оқу орнына түсіргенбіз. Сол баласының қызығын көремін деп армандаған. Еліңе адал еңбек ет деп, ақылын айтып жүретін. Баласының ақылшысы болды", - дейді марқұмның жұбайы Гүлім Ержанова.

Ал полиция лейтенанты Дархан Барғанаев Алматы облыстық полиция департаментіне қарасты арнайы жасақта жұмыс істеді. Дархан ішкі істер органдарына 2011 жылы келген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953495-qasiretti-qantar-turgymbaev-qaza-tapqan-policeilerdin-otbasyna-orden-tabystady-video/