Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Арулап көме алмадым": Қызылорда тұрғыны ұлының қазасын 40 күн өткенде бір-ақ естігенін айтып, жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Жүрек талмасы
скриншот: instagram.com/gulmir_ktk/

Қызылорда облысының тұрғыны Жұмакүл Естаева 15 желтоқсан күні жоғалған ұлы іздеушісі жоқ азаматтардың қорымына жерленгенін айтып, жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды Астана арнасы.

Берік Сағындықов 15 желтоқсан күні жұмысқа кеткеннен үйіне оралмаған. Жақындары полицияға хабарлаған, бірақ нәтиже болмапты. Телеарнаның хабарлауынша, тек 40 күннен кейін ғана қалалық полиция басқармасындағылар оның қайтыс болғанын естірткен.

"Баламды уақытылы арулап көме алмадым" деген ананың етегі жасқа толып отыр.

"Жердің бетінде жатыр ол бала деген. Ақ шүберегі де жоқ, әшейін көміп тастаған. Адам итті де өйтіп қорламайды ғой. Адам баласы ғой", - дейді марқұмның анасы Жұмакүл Естаева.

Полицейлер марқұмның денесін қала көшелерінің бірінен тапқандарын айтқан. Ал, Беріктің ағасының айтуынша, марқұмның қалтасында құжаттары болған. Қаралы хабарды неге ертерек хабарламағаны оларға жұмбақ болып тұр.

"Делоның ішінде адресі, әкесінің аты, бәрі жазылып тұр. Суреті де тұр. Соған таңғалып отырмын. Қылмысты жасырып тұр, негізі. Бір ай бойы неге қайтыс болғанын айтпайды", - дейді марқұмның ағасы Бауыржан Сағындықов.

Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, қайтыс болған Берік Сағындықовтың денесі 18 желтоқсан күні 16:10 шамасында табылған. Оның денесінде ешқандай зорлық-зомбылық белгілері байқалмапты. Сондай-ақ, марқұмның тұратын көшесі анықталғанымен, жақындарын таппағандарын айтады.

"Мәйітке байланысты мән-жайды анықтау барысында Қызылорда қаласы Тасбөгет кенті Жанқожа батыр көшесінің  тұрғыны екені анықталып, нақты өлім себебін анықтау үшін мәйітханаға тапсырылған. Жақын туыстарының табылмауына байланысты, ер адамның мәйітін жерлеу бюросының қызметкерлері жерледі", - деп хабарлады Қызылорда облыстық полиция департаменті.

Қаралы отбасының айтуынша, сот сараптамасында марқұм жүрек талмасынан қайтыс болды деп көрсетілген. Алайда туыстары Беріктің осы уақытқа дейін денсаулығына мүлдем шағымданбағанын айтады. Сондықтан құпияға толы қазаға кінәлілер жазалансын деп талап етіп отыр.

М. Тоқтасынқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1953690-arulap-kome-almadym-qyzylorda-oblysynda-marqumdy-tuystaryna-eskertpesten-zerlep-tastagan/

pixel