Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үштөбедегі қираған зират: Полиция күдіктіні ұстады

Опубликовано:

зират14
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы облысы Үштөбе қаласындағы православ зиратын қиратты деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады.

Құзырлы органның мәліметінше, күдікке ілінген 34 жастағы тұрғынның бала кезінен психикасында ауытқу бар.

"Ұсталған адамның қылмысқа қатыстылығы куәгерлердің айғақтарымен және іс бойынша тағайындалған сараптаманың нәтижелерімен расталады", - дейді ведомстводан.

Полицияның дерегінше, зираттарды қирату қылмысы биыл 16 қаңтарда болған. Салдарынан 14 жерлеу орны бүлінген және қираған, олардың металл қоршаулары қиратылып, ағаш және темір кресттер сындырылған. Құлпытас жазбалары мен ескерткіш гүл шоқтары жан-жаққа шашылған.

"Қираған зираттар қорымның шет жағында орналасқан. Қайтыс болғандардың туыстарына хабар берілді. Тексеру барысында ұрлық деректері анықталған жоқ. Күдіктінің 60 жастағы анасы қала тұрғындарынан бала кезінен ауыр психикалық ауытқудан зардап шегетін ұлының әрекеті үшін кешірім сұрады", - дейді Алматы облысының полиция департаментінен.

Сонымен қатар, ведомство Қаратал ауданының полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 294-бабы ("Тағылық") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жалғастырып жатқанын атап өтті.

Күдіктінің психикалық жай-күйін ескере отырып, ұсталған адам облыстық психоневрологиялық диспансерге орналастырылған.

"Аталмыш факті бойынша тергеу іс-шаралары облыстық полиция департаментінің ерекше бақылауында", - деп қосты құзырлы орган.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысы Үштөбе қаласының тұрғындары биліктен православ зиратын қиратқан бұзақыларды тауып, жауапкершілікке тартуды сұраған болатын.

Полиция бұған қатысты пікір білдіріп, аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 294-бабы ("Вандализм") бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, бұл іске қатысы барларды ұстау бойынша жедел іздестіру шарасы жүріп жатқанын хабарлаған еді.

Кейін мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа зиратты қиратқан бұзақыларды заң жүзінде қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953715-ustobedegi-qiragan-zirat-policiya-kudiktini-ustady/

pixel