Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сағынтаев Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде шерушілер алдына неге шықпағанын түсіндірді

Жарияланған күні:

Бақытжан Сағынтаев
Бақытжан Сағынтаев. Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы толқулар кезінде неліктен шерушілерге шықпағанын түсіндірді. Бұл туралы пікірін ол журналист Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сұхбат барысында журналист мегаполисте тәртіпсіздік басталған күні, яғни 4 қаңтарда әкімдіктегілер неліктен шерушілер алдына шығып, келіссөз жүргізбеді деген сауал қойды.

Сағынтаевтың айтуынша, 4 қаңтар күні Almaty Arena мұз айдыны маңына көптеген адам жинала бастаған. Осы кезде Алатау ауданы мен өзге де басқармалардың өкілдерінен жинақталған алғашқы келіссөз жүргізу тобы сол жерге барған, дейді ол.

"Бір уақытта 1-2 мың адам, тағы жарты сағатта адамдар саны артып, 3 мыңға жеткен кезде Момышұлы көшесінен, Райымбек даңғылынан мұз айдынына қарай қолында таяқтары бар, ұрандатқан, агрессивті көңіл-күйдегі 500-дей адам келе жатқаны туралы ақпарат түсті. Сол сәтте полиция басшысы онда 50 полицейді жіберді", - дейді қала басшысы.

Алайда әкімнің пікірінше, 50 полицей жиналған топ үшін түк емес еді. Олармен ешкім сөйлеспеген де, дейді Сағынтаев. Осыдан кейін бұл топ шерушілердің негізгі тобына қосылып, алаңға барып, әкімдікті басып алуға үгіттеген.

"Адамдар тобы алаңға келген кезде, олар бірінші кезекте әкімдікке қарай бет алған. Олар бірден басып кірді. Себебі ғимаратта күзетшілерден басқа ешкім болған жоқ. Жарты сағаттан соң әкімдіктен шығып, бұл агрессиясын алаңда жалғастырған. Әдетте алаңға әкімдік қызметкерлерін ғана емес, біз үнемі қоғам белсенділерін де апарамыз (ред. - шерушілермен келіссөз жүргізуге). Себебі, шерушілер (ред. - әдетте) әкімдік өкілдерін қабылдамайды және қоғам белсенділеріне құлақ асады. Бұл жолы да олар онда болды. Бірақ кейіннен: "Келіссөз жүргізетін ешкім жоқ. Жағдай басқа", - деді. Бұл алаңға шығып, өз талаптарын қойып, ойларын айтатын әдеттегі митинг емес. Ол басқа жағдай болды", - дейді Бақытжан Сағынтаев.

Әкімнің сөзінше, 4 қаңтар күні митингке шыққандар әкімдік ғимаратын қиратпаған. Олар бірінші қабатқа барып, артынша алаңға қайтып келген. Алайда Сағынтаев 5 қаңтар күні көшеде бейбіт шерушілер емес, агрессивті адамдар тобы, оның ішінде көбі қару ұстағандар болғанын тілге тиек етті.

Қала басшысы бұл адамдардың дайындалып келгенін және не істеу керектігін нақты білгенін айтады. Сондықтан, ол кісілермен сөйлесу мүмкін болған жоқ, дейді.

"Мүлдем. Әкімдік ғимаратынан шығарып алып, таяқпен ұра бастаған (ред. - қызметкерлерді). 5 қаңтар күні ешқайсысында (ред. - полицейлер мен құқық қорғаушылардың) қолында қару болған жоқ. Құқық қорғаушылардан 2800 адам болды. Олардың қатарында патруль қызметі, стратегиялық ғимараттарды күзететін мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері болды. Әрқайсысы өзіне бекітілген ғимараттар маңында болды. Ал негізгі салмақ Ұлттық гвардияның шамамен 400 қызметкеріне және жедел әрекет ету арнайы жасағының 300 қызметкеріне түсті. Қалай төтеп беруге болады?", - дейді Алматы әкімі.

Сонымен бірге, қала басшысы алматылықтарға орын алып жатқан жайт туралы неліктен ақпарат берілмеді деген сұраққа та жауап бере кетті.

"Оқиға шиелінісе түскен кезде мен не болып жатқанын және не істеуім керектігін түсіндім. Сағат сайын шығып, түсіндіріп, бұған уақыт құртудан гөрі басқа мәселелермен, қауіпсіздік пен қаланы сақтап қалумен айналысу керектігін аңғардым. Бізде әскери күш болған жоқ, оларды әкелу үшін Қорғаныс, Ішкі істер министрлерімен, әкімшілік басшылығымен сөйлесу қажет болды. Одан кейін маған артылар сын да көп болатынын түсіндім. Бірақ ол кезде мен өзімнің беделімді емес, қалалықтардың қауіпсіздігі туралы ойладым. Күш салмасам, қаланы қорғау үшін қосымша күш әкеле алмасам, мұнда не істеп отырмын?", - дейді Бақытжан Сағынтаев.

Әкім аталған министрлік басшыларымен сөйлесіп, Алматыға қосымша күш сұрағанын айтты. Алайда олар дәл осындай жағдай еліміздің 11 өңірінде болып жатқанын, Алматыға көмек беру мүмкін емес екенін жеткізген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953770-sagyntaev-almatydagy-tartipsizdik-kezinde-serusiler-aldyna-nege-syqpaganyn-tusindirdi/