Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аймағамбетов жастарды Ресей университеттеріне оқуға жіберуге қатысты қоғамды алаңдатқан сауалға жауап берді

Опубликовано:

Асхат Аймағамбетов
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекет басшысының білім саласына қатысты тапсырмалары жөнінде сұхбат берді. Атап айтқанда, министр Atameken business арнасының эфирінде жастарды Ресейдің техникалық университеттерінде оқытуға қатысты қоғамда туындаған түрлі сауалдарға жауап берді.

Телеарна журналисі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың техникалық мамандықтарға басымдық беру туралы тапсырмасы аясында жастарды Ресей оқу орындарында оқыту қажеттігі туралы бастамасы қоғамда қызу талқыланғанын жеткізді.

Ол білім министрінен "Болашақ" бағдарламасының толығымен ресейлік университеттерге бағытталатыны жөніндегі қауесеттің қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады.

Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

"Біріншіден, бұл - "Болашақ" бағдарламасының шеңберінде техникалық мамандықтар бойынша жастарға көршілес Ресейдің техникалық университеттерінде білім алу мүмкіндігін беру деген тапсырма. Қазіргі күні осы бағдарлама аясында біздің жастар әлемнің 27 еліндегі 207 университетте білім алып жатыр.

Осы мемлекеттердегі университеттерге тағы да алдыңғы қатардағы техникалық мамандықты оқытатын Ресейдің 5 университеті қосылса, онда әрине, бұнда ешқандай қауіп жоқ, керісінше балаларға мүмкіндік көбейді.

Мысалы сол британиялық университеттер немесе Американың, Францияның университеттері болсын, басқа да үздік университеттерді ешкім сырып тастап жатқан жоқ. Президенттің айтып отырғаны - бізге бүгінгі таңда техникалық мамандар керек, бізге сапалы білім алып келген кадрлар керек.

Сондықтан осы тапсырманың аясында үздік университеттердің қатарына көршілес мемлекеттің үздік техникалық университеттері қосылады. 207 университетке тағы да 5-10 университет қосылатын болса, ол әрине балаларға жаңа мүмкіндіктер ашады. Екіншіден, бұл баланы жетектеп апарып, сен оқығың келсе де, келмесе де осы университетте оқисың дегенді білдірмейді", - дейді министр.

Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқытатын университеттер тізімінде тек бір ресейлік университет бар. Ол - Мәскеу мемлекеттік университеті.

"Алдыңғы жылы грант жеңіп алған 550 баланың тек 5-і осы университетті таңдап алды. Осы көрсеткіштер бойынша өздеріңіз де байқаған шығарсыздар. Бізге ең басты мәселе - түлектерімізге ең үздік университеттерде оқуға мүмкіндік беру. Бұл университеттердің қатары 207 емес 210 болса одан ешкім ұтылмайды. Одан біз ұтамыз. Өйткені бізге техникалық мамандықтар керек. Президент бізге неге осы тапсырманы беріп отыр? Өйткені бұл ғылыми тұрғыда зерттелген, нарықтың сұранысына бағытталған таспырма", - дейді ол.

Сала басшысы "Болашақ" бағдарламасы бойынша жылына 60 мың грант бөлінетінін, оның ішінде 40 пайызы техникалық мамандықтарға берілгенін атап өтті.

Ал биылдан бастап, техникалық мамандықтарға бөлінетін грант үлесі 60 пайызға көбейетінін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953789-bilim-ministri-zastardy-resei-universitetterine-oquga-ziberuge-qatysty-qogamdy-alandatqan-saualga-zauap-berdi/

pixel