"Оқ тиеді деп ойладым": Сағынтаев белгісіз біреулер көлігіне оқ жаудырғанда қандай күйде болған
Жарияланған күні:
Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев 6 қаңтар күні, қаладағы тәртіпсіздіктер кезінде оның көлігіне оқ атылғаны туралы айтты. Ол болған жайт туралы Baitassov Live бағдарламасында бөлісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. тілшісі
Сағынтаевтың сөзінше, кортежге шабуыл 6 қаңтар күні жасалған. Ол уақытта қалада антитеррористік операция басталып, нәтижесінде әкімдіктердің маңы, президент резиденциясы мен орталық алаң тазартылуы тиіс болатын.
Осыдан кейін қала басшысы мен оның командасы келтірілген залалды бағалау үшін әкімдік ғимаратына баруды жоспарлаған.
"Келтірілген залалдың ауқымын тіпті болжап үлгермеген болатынтыз. Бәрі жанып жатқанын көрдік. Бірақ толықтай жанып кетеді деп мүлдем ойлаған жоқпыз. Сол күні таңертеңнен сонда барамыз деп жоспарладық. Десе де ол жаққа бару үшін антитеррористік операциядан рұқсат алу керек, яғни ол жер қауіпсіз болуы тиіс еді.
Рұқсат алған кезде кеш батып келе жатқан. Біз әріптестерімізбен әкімдік жаққа қарай бет алдық. Жанымызда "Алматы" телеарнасындағы әріптестеріміздің көлігі болды. Біз ешкімнен бізді күтіп алыңдар деп сұрамадық, шыққанымызды да айтпадық. Себебі шығатын уақытымызды өзіміз де білмедік", - дейді Сағынтаев.
Ол кезде әкім Skoda автокөлігінің ішінде отырғанын айтты. Айтуынша, әкім кортежі Әл-Фараби даңғылынан Назарбаев көшесіне бұрылған кезде ойда-жоқта жол талғамайтын қара көлік шыға келіп, әкім көлігінің жүргізушісі жылдамдықты 30 км/сағ дейін төмендетуге мәжбүр болған.
Әкімдікке бару үшін әкім отырған көлік президент резиденциясынан кейін бірден солға бұрылуы қажет болған. Алайда қара көліктің салдарынан олар амалсыз бағытын өзгертіпті.
Жол талғамайтын көлік бұрылып, Әл-Фараби жаққа беттеген. Дәл сол уақытта оқ атыла бастады, деп есіне алды Бақытжан Сағынтаев.
"Біз видеодан бұл оқиғаның қалай болғанын көрдік. Кейінірек менен: «Қорықтыңыз ба?» деп сұрап жатыр. Шындығын айтқанда, мен не болып жатқанын тіпті түсінбей қалдым. Жалғыз ойым оқ қашан тиер екен болды. Қорыққан былай тұрсын, бойымды түрлі сезім биледі. Біткен жеріміз осы деп ойладым", - дейді әкім.
Одан бөлек, Сағынтаевтың сөзінше, көлік жүргізушісі атыс болған жерден кетпек болған кезде: «Аяғым, аяғым» деп айғайлай бастаған. Кейіннен ол бірнеше секундқа аяғын сезбей қалғанын, соған қарамастан көлікті жүргізе бергенін айтты.
Еске сала кетейік, әкімнің көлігіне оқ атқан кезде "Алматы" телеарнасының жүргізушісі қаза тапқан болатын. Кейін оқиға орнынан видео желіде пайда болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953876-oq-tiedi-dep-oiladym-sagyntaev-belgisiz-bireuler-koligine-oq-zaudyrgan-kezde-qandai-kuide-bolganyn-aitty/