Кәсіпкерлерді тексеру қайта басталады: Елімізде 1 ақпаннан бастап не өзгереді

Опубликовано:

Халық
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанда қыстың соңғы айында қандай өзгерістер болады. Бұл туралы Sputnik Қазақстан толық ақпарат ұсынды.

Кәсіпкерлерді тексеру қайта басталады

Ақпан айының бірінен бастап салықтық және кедендік тексерістер қайта басталады.

Сонымен қатар, камералдық бақылау да жүргізіледі. Камералдық бақылау нәтижесі бойынша хабарламалар мен салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар да қайта жанданады.

Бұған дейін қаңтар оқиғаларына байланысты бизнеске жүктемені төмендету үшін мемлекеттік кірістер комитеті барлық тексерісті 1 ақпанға дейін уақытша тоқтатты. Бірақ кәсіпкерлік субъектілерінің өтінішімен құқық қорғау органдары тағайындайтын тексерістер тоқтаған жоқ.

Lufthansa Қазақстанға әуе рейстерін жандандырады

7 ақпаннан бастап Lufthansa неміс авиакомпаниясы Қазақстанға әуе рейстерін қайта бастайды.

Германияның Франкфурт қаласынан Нұр-Сұлтан мен Алматыға аптасына екі рейс орындау жоспарланып отыр. Жолаушылар А330 ұшағымен ұшады.

Рейстер Франкфурт – Алматы бағыты бойынша дүйсенбі және бейсенбі, Алматы – Нұр-Сұлтан – Франкфурт бағытымен сейсенбі және жұма күндері жасалады.

Lufthansa әуе компаниясы қаңтар айының ортасында Қазақстанға рейстерді уақытша тоқтатқан болатын.

Екатеринбургтен Нұр-Сұлтанға рейстер жиілейді

Ақпан айында Екатеринбургтің "Кольцово" халықаралық әуежайынан Нұр-Сұлтанға баратын рейстер саны артады.

1 ақпанда Qazaq Air авиакомпаниясы Қазақстан астанасына қосымша рейс ашады.

Рейстер әр сейсенбі сайын орындалады. Жолаушылар De Havilland Dash-8-Q400NG ұшағымен тасымалданады. Айта кетері, бұл әуе көлігіне 86 адам сыяды.

Қазіргі таңда Екатеринбургтен Нұр-Сұлтан қаласына рейстер аптасына екі рет – дүйсенбі және бейсенбі ұшады. Оларды Qazaq Air және Уральские авиалинии" компаниялары орындайды.

Қазір Қазақстанға шетелден ұшып келетін барлық жолаушы (вакцина салдырғандарды қоса алғанда) коронавируспен ауырмайтыны туралы ПТР-анықтама көрсетуге міндетті. Құжат мерзімі 72 сағаттан асып кетпеуге тиіс. Бес жасқа дейінгі балалардан анықтама талап етілмейді.

Бейжің Олимпиадасы

4 ақпан күні Қытайдың астанасында қысқы олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Төрт жылдықтың ірі додасының ашылу салтанатына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барады. Бұл ақпаратты президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли растады.

Қазақстандық спортшылар қысқы олимпиадаға 87 жолдама жеңіп алды.

Шаңғымен жарысудан еліміздің атынан екі ер адам және бес әйел адам сынға түседі.

  • Олар: Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга.
  • Фристайл-могулдан бақ сынайтын спортшылар тізімі: Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков.
  • Шаңғы акробатикасынан Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев Қазақстан намысын қорғайды.
  • Тау шаңғысынан қазақстандық Захар Кучин слалом мен гигантты слаломда сынға түссе, әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая жарыс жолына шығады.
  • Шаңғымен секіруден Сергей Ткаченко мен Данил Васильев Олимпиада жолдамасын иеленді, шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Ракпаровқа сенім артамыз. Ол аталған спорт түрі бойынша Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырған қазақстандық ретінде тарихта қалмақ.
  • Биатлоннан Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев, конькимен жүгіру спортынан Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузингежанкүйер боламыз.
  • Шорт тректен бес спортшы бақ сынайды. Олар – Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова.

Утиль алымы өзгеруі мүмкін

Ақпан айының соңына дейін утилизациялық алымның жаңа ставкасы бекітіледі деген жоспар бар.

Қазір бұл мәселемен утиль алымының коэффициентін қайта қарау жөніндегі ведомстоваралық жұмыс тобы айналысып жатыр. Топтың жұмыс нәтижесі туралы ақпарат экология министрлігінің сайтында жарияланады.

Автосарапшы, тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков утиль алымы 100 мың теңгеден аспауы шарт екенін айтқан еді.

"Утилизациялық алым қайта қаралып, ең жоғарғы мөлшері 100 мың теңгеден аспаса, яғни 20, 30, 50 мың теңгеден басталса, онда елге кіргізілетін жаңа және мінілген автокөліктердің өзіндік құны төмендейді. Мысалы, қазір бір көлік үшін утиль алымы 3 миллион теңгені құраса, ол 100 мың теңгеге дейін төмендеген жағдайда, оны елге кіргізу құны 2 миллион 900 мың теңгеге арзандайды", - деді Эдоков.

11 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев утиль алымы мөлшерін қайта қарап, жекеменшік "Оператор РОП" компаниясының қызметін тоқтатуды тапсырды.

Көп ұзамай мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды. Жаңа оператор – "Жасыл даму" мемлекеттік компаниясы.

Қазір құзырлы органдар "Оператор РОП" компаниясына қатысты тексеріс жүргізіп жатыр. Бұрынғы оператордың функцияларын мемлекеттік компанияға беру процесі әлі аяқталған жоқ. Осыған байланысты "Жасыл даму" утилизациялық алым жинауды уақытша тоқтатты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953959-elimizde-1-aqpannan-bastap-ne-ozgeredi/

jitsu gif