Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Халық қатты қиналып кетті": Нұрлан Албан алаңға не үшін шыққанын және елдегі әлеуметтік ахуал туралы айтты

Опубликовано:

Нұрлан Албан
Нұрлан Албан. Кадр: YouTube/Maidan

Елімізде қаңтардың басында орын алған оқиғаларға өнер адамдары да белсенді түрде үн қосқан еді. Қазақстанның батыс өңіріндегі газдың қымбаттауына қарсы шыққан шерушілердің алғашқы легін қолдау мақсатында Алматыда әншілер қауымы бірігіп, М.Әуезов атындағы драма театры алдына жиналған болатын. Олардың қатарынан көрінген Нұрлан Албан осы жөнінде сұхбат беріп, елдегі қордаланып қалған әлеуметтік мәселелер турасында өз пікірін білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы ол YouTube-платформасындағы Maidan бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

Нұрлан Албанның айтуынша, өнер адамдары бейбіт шеруге шығып, қымбатшылыққа қарсы екендерін білдірмек болған. Олар М.Әуезов атындағы драма театр алдына жиналып, батыс халқына қолдау көрсеткен. Айтуынша, бұл идеяны әншілер қауымы арасында Ақбота Керімбекова көтерген.

"4-і күні, біздің өнер адамдарының ішінде жасақталған кішігірім чатымыз бар, сол жерде заты нәзік, әйел адам болса да Ақботамыз (Ақбота Керімбекова – ред.) қазіргі жағдайды айтып: "Құдай-ау, біз ел-жүртпен бірге емеспіз бе? Неге біз осындай кезде елдің ортасынан табылмасқа? Біз өзіміздің үнімізді қосайық, ел-жұртпен бірге екенімізді білдірейік" дегеннен кейін... Бұл сөзі үшін Ақбота жауапқа тартылып кетеді деп ойламаймын. Бұл жердегі ең бастысы ұстанған қағидамыз – ел жұртпен бірге екенімізді көрсету болды.

Осы Алматыдағы шоғырланған өнер адамдары. Әрине, бұл аяқ астынан болғаннан кейін біздің көптеген аға-әпкелеріміз, бауырларымыз, замандастарымыздың барлығы сол бірер сағаттың ішінде жиналуға мүмкіндіктері болмады. Біріншіден, сапарда болды, кейбірі қалада болмай шықты. Сондықтан "барымызбен базар" деп біз Әуезов атындағы қазақ драма театрының алдына жиналып, батыстық ағайындармен бірге екендігімізді көрсетіп және де еркін халыққа, бейбіт шеруге шығып жатқан елге ешқандай да қысым, қоқан-лоқы жасалынбасын, бұл шынымен де бейбіт шеру болсын деген өзіміздің кішігірім үнімізді ғана қосқан болатынбыз", - дейді ол.

Әншінің айтуынша, театр алдына бас-аяғы 15-20 шақты өнер адамы жиналған.

"Ол да болса біздің қазақ ән өнерінің, мәдениет майталмандарының ішінен әйтеуір біз бірге екендігімізді білдіру. Бұл жерде мен шықтым, мен сөйледім, сен көрінбей қалдың емес, бұл жалпы ол үндеуіміздің өзі жіті қадағалап тыңдайтын болсаңыздар, біз қазақ өнерінің өкілдері деп айтылған болатын. Сол әрбір сөзде ойдағы-қырдағы, оңтүстік-солтүстік, шығыс-батыс, әрбір қырдағы қазақ өнерінің үні жатыр деп білсеңіздер болады. Ең бастысы бейбіт шеруге шыққан ағайындарға жоғары жақтан қоқан-лоқы болмасын, күш көрсетілмесін, адамға қарсы оқ атылмасын. Өйткені бұл батыстан бастау алғаннан кейін, 2011 жылдағы үлкен қанды қырғынды дүйім қазақ, тіпті бүкіл әлем біледі. Сондықтан сондай бір түсініспеушілікке ұрынып тағы да қазақтың қатарына шығындар болмасын деген ниетпен ғана шыққан болатынбыз", -деп түсіндірді ол.

Әнші бұл әрекетіне еш өкінбейтінін және ол үшін қорықпайтынын айтады.

Жеке басыма келетін болсам, менде ешқандай қорқыныш жоқ өзім үшін. Әріптестерімде егер де қорқыныш болмаса, ортақ бір чатқа өздерінің талап-тілектерін әйтпесе ойын жазбайтын еді ғой. Бәрі бір ауыздан қолдады.

Мен тек қана бір-ақ нәрседен қорқамын. Ол Құдайдың қаһарынан қорқамын. Ал менде алаңдаушылық, өзім үшін де алаңдамаймын. Мен өзімнің ұрпағым үшін алаңдаймын. Мен өсіріп отырған ұл-қыздарым үшін алаңдаймын. Мен қазақтың жастары үшін алаңдаймын"", - дейді ол.

Ол өзімен бірге театр алдына шыққан Жеңіс Ысқақова, Ерғали Әдірайымовтерге алғысын айтты. Әншінің сөзінше, аз уақыттан олардың жанына полция өкілдері келіп, тарауын сұраған. Нәтижесінде, шеруге шыққандардан 3-4-ақ адам қалды, дейді ол. Одан бөлек сұхбат барысында Нұрлан Албан "Алматы Аренадағы" шеруге не мақсатпен барғанын айтты.

"Бейбіт шерудің басы "Алматы Аренадан" басталса, мен сол жақта тұрамын. Содан кейін кешкі уақытта, кешкі 7-лер шамасында көлігімді қойып, мен сол жерге жаяу бардым. Алматы аренаның жанында болған кезде ол кезде жаңағы инструктаж болған жоқ. Қазір біз жаяу жүреміз, жол-жөнекей елді жинаймыз деген дүние. Ол жерге мен барып қосылған кезде Жанболат Мамай өзінің руперімен сөйлеп жатыр екен.

Мен аса қатты ол партияда, қоғамда болмағаннан кейін, шындығы керек, оны бастан-аяқ не айтып, не қойғанын тыңдауға сондай бір құлқым болған жоқ. Ол жерде менің жаным ашып барғаным, қазақтың шиеттей жастары болды. Бұлар әлі ыстық пен суықты толығымен көрмеген, оң-солын әлі білмеген.16, 17, 18 жастағы жасөспірімдер өте көп болды. Соны көріп, қорқа бастадым. Құдай-ау мынаның арты егер де бір сұмдық болып жатса мына балалардың сұраушысы қайда?

Әрине, Алматы үлкен мегаполис болған кейін, жастардың дені студенттер, жастар. Тіпті мен өзім студенттерге сабақ бергеннен кейін әр студент ол менің балам, ол менің ұлым, қызым. Әр қазақтың баласы менің балам. Сондықтан соны көре салдым да, мен өзімнің таныстарыма хабарласа бастадым. "Әй, сендер осының ішінде жүрген жоқсыңдар ма? Мынау не сұмдық болайын деп жатыр. Әйтпесе жүрген күннің өзінде жаныңдағы бір-бір шөп желкеге ие болшы, сенің екі қолың бар ғой, екі қолыңа әйтеуір қазақтың екі шөп желкесін ұстап, "әй қой, қызбалыққа салынба" деп айт дедім. Қазіргі 16-17-18 жастағы бозбала мен бойжеткеннен не сұрайсыз? Олар не талап қоятынын да білмейді", - деді ол.

Әнші сұхбатында халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты да өз ойын айтты. Ол азық-түлікті бөліп төлеу арқылы алатын отбасылардың барына қынжылып, ондай отбасыларды өз көрімен көріп жүргенін жасырмады. Ол мұның барлығына билікке жалған ақпарат беретін шенеуніктерді кінәлады.

"Енді өзіңіз ойлаңызшы, осы 2021 жылдың соңы жетпей жатып, бізде ортақ жалақы 500 мың теңге дейді. Құдай-ау, мен өзім ағартушылық жұмыспен айналысамын, колледжде сабақ беремін. Бірақ менің алатыным 45 мың теңге, қайдағы 500 мың? 15 студентім бар. Ауылда емес, кәдімгідей колледжде беремін. Сандардың алшақтығына қарап, менің зығырданым қайнайды", - деп ашынды ол.

"Қазақстанның 55 пайыз байлығы небәрі 162 адамның қолында деген сұмдық қой. Менің сөзімнің дәлелі осы ғой. Халық қиналып кетті. Халық қазір өте қатты қиналуда. Бұның барлығы әйтеуір бір күні болу керек, болуы шарт еді, болды. Бұл күні кеше ғана болған қаңтар қырғыны, қаңтар қайғысы", - деген ол өзінің ойын ашық айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953990-xalyq-qatty-qinalyp-ketti-nurlan-alban-eldegi-aleumettik-axual-turaly-pikir-bildirip-alanga-ne-usin-syqqanyn-aitty/

pixel