Қазақстанда құрылыс материалдары бағасын төмендету үшін жаңа өндіріс орындары ашылмақ

Опубликовано:

Құрылыс басындағы құрылысшы
Көрнекі сурет: Pixabay

Қазақстанда құрылыс материалдары бағасын төмендету үшін жаңа өндіріс орындары ашылады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Министрлік мәліметінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде құрылыс материалдарын өндіру көлемі 9,8 пайызға артып, 902,7 миллиард теңгеге жеткен.

Республика аумағында құрылыс материалдарын өндірумен 2,5 мың кәсіпорын айналысады, оларда 26,2 мың адам жұмыс істейді.

"Қазақстандық өндірушілер ішкі нарықтың бетон, цемент, қабырға материалдары сияқты базалық құрылыс материалдарына қажеттілігін толық көлемде жабады. Барлық жерде дерлік құрылыста және жөндеу кезінде отандық гипсокартон мен құрғақ құрылыс қоспалары пайдаланылады", - деді Қайырбек Өскенбаев.

Алайда, ғимаратты әрлеуде қолданылатын құрылыс материалдары бойынша импортқа тәуелділік бар.

Осыған орай министрлік ішкі нарықты отандық өндірістің сұранысқа ие тауарларымен: санфаянспен, ламинатталған жабындармен, керамикалық плиткалармен, есіктермен, жылу оқшаулағыш материалдармен, алюминий радиаторларымен, полиэтилен құбырларымен, металл плиткамен, арматурамен қамтамасыз ету жұмысын жалғастырады.

"Жақында 601,3 млрд. теңгеге 35 импортты алмастыратын жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оларда 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Отандық санфаянспен, керамикалық плиткамен, минералды жылытқыштармен, ДСП плиталарымен және басқалармен қамтамасыз ететін жаңа өндіріс орындарын ашу көзделуде", - деді министр.

Осы жобаларды енгізу 2025 жылға қарай өнімнің 10-нан астам түрі бойынша құрылыс материалдарына деген орташа жылдық қажеттілікті 303 миллиард теңгеге жабуға мүмкіндік береді. Осылайша, импорт үлесі 60 пайыз төмендеп, бағаның ауытқуы болмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1954024-qazaqstanda-qurylys-materialdary-bagasyn-tomendetu-usin-zana-ondiris-oryndary-asylmaq/