"ҚазАвтоЖол" басшысы қызметінен кетті
Опубликовано:

Асқар Мұратұлы "ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ басшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
"Бүгін менің "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясындағы соңғы жұмыс күнім. Ең бастысы - осы уақыт аралығында жүзеге асқан барлық жобалар менің әріптестерімнің жемісті еңбегі деп білемін", - дейді Асқар Мұратұлы.
Оның сөзінше, өзі басшылық еткен тұста мемлекет басшысы мен үкіметтің жүктеген тапсырмаларына сай, республикалық маңызы бар 3 мың 600 шақырым жолда орта және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның 2 мың 200 шақырымы қолданысқа берілген, 324 шақырым іске қосылған.
Одан бөлек, Алматы қаласындағы "Алтын Орда" базары маңындағы жолайырық ашылған.
"Қызылорда - Жезқазған" жолы құрылысының барлық рәсімдері өткізіліп, келісімге қол қойылған. Жоба биыл басталмақ.
Сонымен қатар, 20-дан астам жол бойындағы сервистік нысандар пайдалануға берілген. Әлемнің бірнеше жетекші банктерімен ынтымақтастық келісім шарттарына, бірқатар отандық ірі компаниялармен көпжақты меморандумдарға қол қойылған.
Сондай-ақ, компания қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету үшін қоғамдық кеңес пен арнайы, тұрақты комиссия құрылған.
Комиссияның алдына қойған басты мақсаты - барлық тендерлер, сатып алулардың ашық түрде өткізілуіне қатаң бақылау жасау, кері байланысты жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін факторлады жою, заңға қайшы келетін іс-әрекеттердің алдын алу болып табылады дейді Асқар Мұратұлы.
Сөз соңында Асқар Мұратұлы өзіне сенім артқан мемлекет басшысына, премьер-министрге, тиісті министрлікке, сондай-ақ барша әріптестеріне, мердігер ұйымдарға, қоғам белсенділеріне, және де қақаған аязға, аптап ыстыққа қарамастан жолда жұмыс істейтін әріптестеріне алғыс айтты.
Айта кетсек, Асқар Мұратұлы аталған қызметке 2021 жылғы сәуір айында тағайындалған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1954056-qazavtozol-bassysy-qyzmetinen-ketti/