"Ойымнан кетпей қойды": Ауруханада жалғыз жатқан балақайды бауырына басқысы келетіндер саны артуда

Опубликовано:

ауруханада жатқан бала
Фото: Instagram/zhaloby.almaty

Алматыдағы №2 балалар ауруханасында бес ай бойы жатқан екі жасар бүлдіршіннің оқиғасы қазақстандықтардың жүрегін елжіретті. Желі қолданушылары арасында баланы бауырына басқысы келетіндердің қарасы көп. Олар бүлдіршінді асырап алудың жолдарын сұрастырып жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Балақай туралы ақпарат алғаш рет zhaloby_almaty парақшасында жария етілді. Аталған ауруханаға баласымен бірге түскен Айдана Аллажарқызы бес айдан бері ауруханада жалғыз жатқан бүлдіршін жайлы жазба қалдырған болатын.

Айдананың айтуынша, балақайдың палатасында өзінен басқа ешкім болмаған.

"Баланың мұрнынан су ағып тұр. Жөтеліп қалған. Медбикелерге балаға тек үш мезгіл ғана тамақ берудің аз екенін айттым. Қасына тағы бір адамды қоюын сұрадым. Бірақ олар бәрінің жұмысы бар екенін, ешкім жұмысын тастап, баланың қасында отырмайтынын айтты. Меніңше, балаға тек үш мезгіл тамақ беру аздық етеді", - деп жазды Айдана Аллажарқызы.

Бүгінде баланың 1985 жылы туған әкесінен мүлде хабар жоқ. Ал анасының кім екені әзірге белгісіз. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы ешқандай құжаты болмаған балақайдың денсаулығы жақсы екенін мәлімдеді.

Бүлдіршіннің оқиғасы қоғам назарына іліккеннен кейін желі қолданушылары арасында оны бауырына басқысы келетіндердің қатары көбейіп жатыр.

"Бұл баланы қалай асырап алсақ болады? Осы балақаймен жасты ұлым бар. Екеуі бірге бассейнге барып, дамыту орталықтарында оқитар едім. Оған бақытты балалық шақ сыйлаушы едім", "Өтінеміз, бұл баланы біз алайықшы. Он жыл болды, әлі бала сүйе алмай жүрміз. Мен оны жаныммен жақсы көретін боламын", "Ойымнан кетпей қойды, балапан! Егер рұқсат етсе, қазір-ақ асырап алар едім", - деп жазған желі қолданушылары.

Осы орайда "Әділ" қайырымдылық қоры баланы асырап алу мәселесіне қатысты көптің сұрағына жауап берді.

"Ертең балаға қатысты іс шешіледі. Көпшілігі баланың құжаты дайындалғанша ол үйде тұруы керек деген пікір айтуда. Комиссия дұрыс шешім қабылдайды. Олар баланы асырап алуға үміткер отбасыларды қарайды. Содан соң, балалар үйіне емес, жанұяға табыстайды. Үміткерлерді таңдау кезінде бала асырап алуға кімнің ертерек өтінім бергені қаралады", - деп жазды Instagram желісіндегі парақшасында "Әділ" қайырымдылық қоры.

Сондай-ақ, Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов баланың құжаты дайын екенін, сәбидің ата-анасына қатысты шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1954223-oiymnan-ketpei-qoidy-auruxanada-zalgyz-zatqan-balaqaidy-bauyryna-basqysy-keletinder-sany-artuda/

jitsu gif