Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қуанышымда шек болмас еді": Америкалықтар асырап алған қазақ жігіті туған ата-анасына іздеу салды

Опубликовано:

Сардар
Фото: turkystan.kz

Facebook желісіндегі қазақ­стан­­дықтар топтасқан түрлі пабликтерде ата-анасын іздеуге көмек сұра­ған жандардың қарасы көбейді. Сондай парақшалардың бірінде америкалық отбасы асырап алған қазақ баласы Пол Бабкоктың (қазақша аты-жөні – Сардар) биологиялық ата-анасын іздеп, таба ал­май жүргені жайлы хабарлама тарады. Осы орайда Түркістан басылымы туғандарын бір жарым жылдан бері іздеп жүрген Сардарды тауып, онымен сұхбаттасып, мән-жайды білген.

Сардар (Пол Бабкок) 1999 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Ол 2020 жылы жазда Facebook-тегі KazCommunity USA парақшасына ата-анасын іздеп жүргенін жазып, оларды табуға елден көмек сұраған.

"Әлі таппадым ата-анамды. Тіпті, олардың тегіне ұқсас туысқандарым табылып қалар деп ойлаған едім. Бірақ әзірге ешкімді таба алмадым. Туу туралы куәлікте менің атым Сардар деп жазылған. Америкалық есімім – Пол. Кейде анам маған ашуланғанда "Пол-Сардар" деп айтады (күліп). Айтпақшы, Сардар деген қандай мағына беретінін интернеттен іздегенімде, көшбасшы деген ұғымды білдіретінін білдім. 1999 жылы дүниеге келгенмін. Бір жылдан соң америкалық ата-анам Тараздағы балалар үйінен асырап алып, алып кеткен", - дейді ол.

Сардар Солт-Лейк-Сити қала­сын­да өскен. Айтуынша, олар отбасымен тұратын ауданда америкалықтар асырап алған қазақ балалары көп.

"Кей­бірі­мен көршіміз. Бала кезден жақын ара­ласқандықтан, қазақ екенімізді біліп өстік. Ал өзге штатта тұратын америкалықтар асы­рап алған қазақтармен ортақ достарымыз көп болғандықтан олармен де араластығымыз жақсы. Сонымен қатар, Facebook-тегі әлгі парақшаға хабарлама жазған соң, менімен байланыста болғысы келетіндердің қатары көбейді. Бос уақытта жиналып, әңгіме-дүкен құра­мыз, одан қалса ойын ойнаймыз", - дейді қазақ баласы.

Сардардың сөзінше, оның аме­рикалық ата-анасы 2000 жылы өзімен бірге қарындасын да асырып алған. Ал бір жылдан соң ата-анасы Таразға қайта барып, бауыр­ларды бір-бірінен ажыратпайын деп, үлкен әпкесін де қамқорлығына алған.

"Әпкемнің қазақша есімі – Зари­на, бірақ біз оны Нина дейміз. Ал қарын­да­сымның есімі туу туралы куәлікте Мәрзия деп жазылған, оның америкалық есімі – Энн", - дейді жақындарын таныстарған ол.

Сардар америкалық ата-анасы жайын­да бірер сөз айтып өткенді жөн көрді.

"Олардың (ата-анасының - ред.) қандай керемет жандар екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Олардың өздерінің бес баласы бар. Қазақстаннан үшеуімізді асырап алған соң, Тайваньнан екі ер баланы қамқорлығына алған. Жалпы алғанда, менің екі әпкем, бір қарындасым, алты бауырым бар. Үлкен отбасымыз (күліп). Анам біздің қайдан шыққанымызды, тамырымыздың қайда жатқанын біліп жүрсін деген мақсатпен Қазақстанға апарып қайтқысы келген. Бірақ сол күйі жол түспей қойды. Жалпы, америкалық ата-аналардың асырап алған баласының төл мәдениетімен таныс болуына үлкен үлес қосатыны қайран қалдыратыны рас.

Мен – Америка азаматымын, дейтұрғанмен менің ұлтым – қазақ, қаным – қазақ. Дегенмен мен өсіп-өнген ортада қазақ мәдениеті, дәстүрі мен тілі туралы көп дерек білуге мүмкіндік жоқ. Ал үлкен қалаларда осы мақсатты көз­деген түрлі ұйымдар жұмыс істейтінін, сол ұйым өкілдерінің қазақ мәдениетін наси­хаттап жүргенін білемін.

Десе де, ата-анам өзге америкалықтар секілді қазақ халқы тура­лы бар білгенін айтып жүреді. Бірақ өкінішке қарай, ата-анам осы жылы ажырасып кетті. Қазір екеуі екі бөлек тұрады. Мен екеуімен теңдей араласуға тырысамын. Әпкем мен қарындасым анаммен бірге Солт-Лейк-Ситиде тұрып жатыр. Ал мен Юта штатында орналасқан Прово қаласындағы Бригам Яң университетінің (Brigham Young University) қаржы факультетінде 2-курс оқимын", - дейді ол.

Ата-анасын соңғы бір жарым жыл бойы іздеп жүрген Сардар егер ата-анасы табыла қалса, не істейтінін айтты.

"Мен олардың неліктен мұндай күйге түскенін, бізді жетімдер үйіне өткізгенін білмеймін. Себебін білмегендіктен оларға еш кінә арта алмаймын. Олардың жағдайын білмей тұрып, кесіп-пішіп ештеңе дегім келмейді. Ал бірақ ата-анам табыла қалса, бірден араласып кетемін деп те ойламаймын. Оларды бірте-бірте танығым келеді. Дүниеге келуіме себепші болса да, олар маған бөтен ғой. Сол себепті алдымен оларды асықпай танып-білгім келеді. Кейін тұрып жатқан жеріне барып қайтар едім.

Бәлкім, олардың үйінде бізден кейін туған іні-қарындастарым бар шығар. Олай болса, қуанышымда шек болмайтын еді. Олармен жақын дос болып, шама-шарқым келгенше көмектесер едім. Бірақ ә дегенде ортақ тіл табысу жағынан қиындық туындауы мүмкін. Десе де, алдағы уақытта қазақ және орыс тілдерін үйренуді көздеп жүрмін", - дейді алдағы жоспарымен бөліскен Сардар.

Әңгімелескен Әлия Тілеужанқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1954575-quanysymda-sek-bolmas-edi-amerikalyqtar-asyrap-algan-qazaq-zigiti-tugan-ata-anasyna-izdeu-saldy/

pixel