Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Баспанасыз жүрген едім»: 76 жастағы Қостанай тұрғыны «Сәтті жұлдыз» ұлттық лотереясынан 10 млн теңге ұтып алды

Опубликовано:

Лидия Кисляк
Фото: АО «Сәтті Жұлдыз»

Қостанай қаласының тұрғыны, зейнеткер Лидия Яковлевна Кисляк «Мега Казино» жедел лотореясынан 10 млн теңге ұтып алды. Осы уақытқа дейін баспанасынан айырылып, пәтерден пәтерге көшуге мәжбүр болып жүрген кейуана бұл жайтты «жаратқанның тартуы» деп бағалайды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

76 жастағы Лидия Кисляк Қазақстанға әскери қызметтегі жолдасымен бірге Ставропольден келіп, тағдырдың жазуымен мұнда тұрақтап қалған. Алайда аласапыран жылдары екі ұлы мен жары шетелге қоныс аударып, кейуана елде жалғыз қалып қояды.

Лидия әжейдің айтуынша, ол қазақ халқының ыстық ықыласына, олардың қарапайымдылығы мен мейірімділігіне тәнті болып, Қазақстанда қалуға бел буған. Десе де, қарт әжей 6 жыл бұрын отбасындағы ауыр трагедия салдарынан қарызға белшесінен батып, пәтерін сатуға мәжбүр болыпты. Лидия Кисляк содан бері баспанасыз, пәтер жағалап күнелтіп жүргенін жеткізді.

«Менің мамандығым химик, артынша бухгалтерияны оқып, сол бойынша еңбек еттім. Әскери қызметте де болдым. Содан болар, қайсарлығым бар. Мен ешқашан еңсемді түсірген емеспін. Әрекет еткенді жақсы көремін. Пәтерсіз қалып, қаншама қиындықты басымнан өткерсем де, мойымадым. Лотерея ойнап жүргеніме он жылдан астам уақыт болды. Жеңіп алам деген сенімім мол болды. Басында сенбедім, бірақ ұтып алғанда қатты қуандым», - дейді әжей.

Лидия Яковлевнаның айтуынша, бұл лотереядағы алғашқы ұтысы емес. Бұған дейін ол 250 мың теңге көлемінде сыйақы ұтып алған екен. Дегенмен, бір баспананың құнына татитын ұтысты армандамаған едім, деп мойындайды әжей.

«Өмір қайғы мен қуаныштан тұрады. Бастысы адамгершілікке, жақсылыққа, ғажайыпқа сенсең болды. Менің досым көп. Барлығы да ақпейіл, адал жандар. Олар менің бұл қуанышыма ортақтасып жатыр. Мен, негізі интернационалист адаммын. Әлемдегі барлық ұлтты жақсы көремін, бөліп-жармаймын. Бірақ, шыны керек, қазақтарды ерекше жақсы көремін, олардан көп жақсылық көрдім. Кейде достарым маған «сен қазақсың, жаның қазақ» деп жатады. Бұл менің оларға деген алғысым шығар. Сіздер арқылы осыны жеткізгім келеді», - деп сөзін қорытындылады әжей.

Айта кету керек, аяқ-асты олжалы болған Лидия Кисляк лотереядан ұтқан ұтысына пәтер сатып алуға ниетті екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956389-baspanasyz-zurgen-edim-76-zastagy-qostanai-turgyny-satti-zuldyz-ulttyq-lotereyasynan-10-mln-tenge-utyp-aldy/

pixel