Арнайы жасақ митингшілер қатарына өтті: Фейк ақпарат таратқан қостанайлық ұсталды

Опубликовано:

Ұялы телефон
Көрнекі фото: pixabay.com

Еліміздегі жаппай тәртіпсіздік кезінде әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеген. Олардың негізгісі шетелден келіп жатыр. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаменті бастығы Санжар Әділов ОКҚ өткен брифингте айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Әлеуметтік желі арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиіліп кетті. Олардың негізгісі, яғни фейк хабарламалар шетелден келуде", - деді Санжар Әділов.

Оның сөзінше, осы уақытқа дейін әлеуметтік желіде шетелде тіркелген 50-ден астам аккаунт анықталған.

"Қылмыстық кодекстің 274-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша 13 қылмыстық іс тіркелді. Ол бойынша мұқият тергеу жүруде. Екеуі қамауға алынды, тағы екеуі үйқамаққа жіберілді", - деді спикер.

Әділовтің хабарлауынша, жаппай тәртіпсіздік кезінде Қостанайда Telegram арқылы "арнайы жасақ сарбаздары ереуілшілер қатарына өтті" деген ақпарат таратқан азамат ұсталған.

Оның сөзінше, ұсталған адам қызметкердің атынан "олар ешкімді ұстамайды" деген сарында екі мәтіндік хабарлама жариялап, адамдарды митингке шығуға шақырған.

Екінші жағдай Ақмола облысында тіркелген. ІІМ хабарлауынша, жергілікті тұрғындардың бірі тәртіпсіздіктерден кейін өзінің Facebook парақшасында "полиция қызметкерлерін өлтіруге үгіттейтін" пост салған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956493-arnaiy-zasaq-mitingsiler-qataryna-otti-feik-aqparat-taratqan-qostanailyq-ustaldy/