"Блогерлер көбейіп кетті": Тоқаев елдегі журналистика деңгейі туралы ойын ортаға салды
Жарияланған күні:
Қасым-Жомарт Тоқаев "Qazaqstan" ұлттық арнасына берген сұхбатында еліміздегі журналистика саласы жөніндегі ойын ортаға салды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Тележүргізуші Жайна Сламбекпен болған сұхбатында мемлекет басшысы қазақ журналистикасының деңгейі жоғары екеніне күмән келтірмейтінін жеткізді. Президент қаңтар оқиғалары кезінде ақпарат құралдарының қалай жұмыс істегеніне тоқталды.
"Жалпы қазақ журналистикасының деңгейі төмен деп айтуға болмайды. Керісінше қазақ журналистикасының деңгейі жоғары екені күмәнсіз. Қаңтар оқиғалары кезінде ақпараттық вакуум болды. Оны кәсіби тұрғыда дайындалған лаңкестер, қылмыскерлер өз мүддесіне пайдаланды. Интернетті бұғаттауға мәжбүр болдық. Бұл – әлемдік практика. Бірақ, басқа да ақпарат құралдарымыз бар ғой. Содырлар кейбір теле-радио арналардың ғимаратын өртеп, қиратты. Одан басқа ақпарат құралдары үздіксіз хабар таратты. Ешқандай шектеу болған жоқ", - деді президент.
Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде баспасөз бостандығына қатысты пікір білдірді.
"Бізде заң бойынша цензура жоқ. Ақпарат еркіндігін барынша қамтамасыз етіп жатырмыз. Бірақ, еркіндік деген ойыңа не келсе, соны айту емес. Кез-келген демократиялық елдерде жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады.
Мен әрбір журналист, ең алдымен, мемлекетшіл азамат болуы керек деп санаймын. Осы орайда Н.Некрасовтың: "Ақын болу шарт емес, азамат болу – міндетің" деген қанатты сөзі бар. Сондықтан әрқайсымыз еліміздің патриоты болуға тиіспіз", - деді президент.
Тоқаевтың сөзінше, өкінішке қарай, кейбір журналистер жалған ақпарат таратып, елдің мүддесіне қарсы жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы блогерлердің де әрекетіне қатысты өз ойын айтты.
"Қазіргі заманда блогерлер көбейіп кетті. Олардың кейбір әрекеттері кері әсер етеді. Бір блогерлер жақсы жазады. Ал екінші біреулері мәселенің байыбына бармай, зерттемей, үстірт қарайды. Дегенмен, азаматтарымыз ақ пен қараны ажырата алады деп ойлаймын. Расында, ақпараттық "соғыс" бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс. Сондықтан, біз де оған бейімделуіміз керек", - деп түйіндеді тақырыпты президент.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956671-blogerler-kobeiip-ketti-toqaev-eldegi-zurnalistika-dengeii-turaly-oiyn-ortaga-saldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.