Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Боранды күні жедел жәрдем көлігіне жол ашқан медбикелер көптің алғысына бөленді

Опубликовано:

Ақтөбе
Видеодан кадр: Instagram/gulmir_ktk

Желіде Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында боранды күні жедел жәрдем көлігіне жолдың қарын күреп, ашып берген медбикелердің видеосы тарады. Ақ түтек боранда қолмен қар тазалаған екі медбике туралы журналист Гүлмира Әбіқай да Instagram парақшасында жазды. Бұл жайтқа қатысты аудан әкімдігі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Видео авторының сөзінше, жәдел жәрдем көлігі Құмсай ауылына қайтар жолда қар құрсауында тұрып қалған. Медбикелер екі жақтап омбы қарды тазалап, жедел жәрдемге жол ашуға көмектескен. Олардың ерлігіне желі қолданушылары қол соғып, екеуін алдағы 8 наурызда марапаттауды сұрауда.

"Бұл әйелдерді міндетті түрде марапаттау керек", "Қайдағы жоқ біреулерге медаль таққанша, осы медбикелерге тақсын", "Медбикелер марапатталсын", - деген пікір жазды оқырмандар.

Аталған видеоға қатысты Мұғалжар ауданы әкімдігі де пікір білдірді.

"Жедел жәрдем көлігінің қар құрсауында қалғаны - Мұғалжар ауданына қарасты Құмсай-Бұлақты ауыларалық жолында болған оқиға. Құмсай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының медбике қызметкерлері жедел жәрдем көлігімен Құмсай ауылының науқас тұрғынын Ембі аудандық ауруханасына, одан кейін Қандыағаш қаласындағы Мұғалжар аудандық ауруханасына науқасты ешқандай кедергісіз жеткізді. Бейнероликте медбикелердің қар ашу сәті науқасты Мұғалжар аудандық ауруханасына жеткізіп, қайтып келе жатқанда болған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Құмсай-Бұлақты ауыларалық жолын қар басып қалған сәтте жедел жәрдем көлігіндегі медбикелер жолды ашуға көмектескен. Бүгінгі таңда ауыларалық жол қардан тазартылды", - дейді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Гүлмира Әбіқай медбикелердің қарды қолмен тазалап жатқан видеосын алғашқылардың бірі болып парақшасына жариялап, оған қатысты әкімдіктерден шара қолдануды сұраған.

"Жазған мәселеден нәтиже шығару - журналистің басты миссиясы. Трактордың аты трактор ғой шіркін, даусының өзі қандай. Әйтпесе, осы жолды екі әйел күрекпен тазалап, қай кезде аршып бітіретінін елестетіңізші", - деп жазды мәселені көтерген журналист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1957063-borandy-kuni-zedel-zardem-koligine-zol-asqan-medbikeler-koptin-algysyna-bolendi/

pixel