Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрды деп күдікке ілінген азамат Краснодарда ұсталды

Опубликовано:

Полицей
Көрнекі фото: piqsels.com

Ішкі істер министрлігінде өткен онлайн-брифингте Ресейде ұсталған екі азамат туралы айтылды. Екеуі де мемлекетаралық және халықаралық іздеуде болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

ІІМ әкімшілік полиция комитеті бастығының орынбасары Дәурен Қозыбақовтың мәліметінше, Краснодар өлкесінде қаржы пирамидасын құрды және оны басқарды деген күдікпен халықаралық іздеуде болған қазақстандық ұсталған.

Спикердің айтуынша, ұсталған 1990 жылғы азамат "Центр Финанс" ЖШС филиалының директоры болып табылады.

Ол 2018-2020 жылдар аралығында Ақтөбеде тұрғындардың аса ірі көлемдегі қаражатын тарту арқылы табысқа ие болу мақсатында қылмыстық қызмет түрін ұйымдастырды деп күдіктелуде.

Сондай-ақ, ІІМ мәліметінше, Краснодарда мемлекетаралық іздеуде жүрген тағы бір азамат ұсталған. Оған 2015-2016 жылдар аралығында Ресей аумағында ұрланған автокөліктерді сату бойынша ұйымдасқан қылмыстық топты басқарды деген айып тағылып отыр.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық блогерлер қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген болатын. Ал олардың бірі Әзімжан Саидбаевқа іздеу жариялаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1957086-aqtobede-qarzy-piramidasyn-qurdy-dep-kudikke-ilingen-azamat-krasnodarda-ustaldy/