Тараздық бозбала әскерге бару үшін 20 келіге арықтаған

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Атыраудағы әскери бөлім сарбазы Қарулы Күштер қатарына шақырылу үшін 20 келіге арықтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Былтырғы желтоқсанда Тараз қаласынан Қарулы Күштер қатарына шақырылған Никита Шевиннің бойы – 1 метр 99 сантиметр. Аяғына 47 өлшемді етік киеді.

"Тараз қаласының теміржол колледжінде арнайы орта білім алған. Колледжде оқып жүргенде әскерге барулы ойлана бастадым. Бірақ, былтыр жазда әскерге шақыру пунктіне келгенімде менде артық салмақ ауыр еді. Сол кездегі салмағым – 140 келі.

Бұл әскерге баруыма кедергі болды. Сөйтіп, оқуымды жалғастыра бердім. Қазір әскери борышымды мұнайлы шаһар – Атырау қаласындағы №5546 әскери бөлімде атқарып жүрмін. Былтырғы желтоқсанда Тараз қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылдым", -дейді Никита Шевин.

Сарбаздың айтуынша, артық салмақтан арылу үшін жаттығуды бастаған. Бірнеше айдан кейін 20 келіден астамға арықтаған.

"Менің бойым да, салмағым да мектепте жүргенде тез өсті. Әскери бөлімде алғашқы күндер өте қызықты өтті. Мұнда бәрі маған көңіл аударып, бойым мен салмағым туралы қызығушылық танытты.

Бұл Тараздан жолаушылар пойызына мініп, Атырауға келе жатқанда басталды. Менімен алдымен №5546 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Байрам Әлиев сөйлесіп, өмірлік мақсатым туралы сұрады. Әңгіме арасында менің салмағым мен бойым жөнінде де қозғалды. Салмағым 120 келі деп жауап бердім", -дейді ол.

Енді Никита Шевин салмағының шамамен 90 келіге дейін төмендейтініне үмітті болып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1957163-tarazdyq-bozbala-askerge-baru-usin-20-kelige-aryqtagan/