Болат Бақауовтың қатысуымен болған жол апаты: Қылмыстық іс қозғалды
Опубликовано:

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Павлодар-Қызылорда тас жолында екі Lexus көлігі мен "ГАЗель" соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алды.
Жол талғамайтын Lexus көліктерінің бірінде Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов болған. Бірақ көлікті өзге адам тізгіндеген.
Полиция тергеу басталғанын хабарлады.
"Жол-көлік оқиғасына қатысты Қылмыстық Кодекстің 345-бабы "Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама тағайындалды, соның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде оқиға орнынан кадрлар пайда болған. Көліктердің бірінде Павлодар облысының экс-әкімі болғаны атап өтілді. "Газель" жүргізушісі ауруханаға жеткізілді.
Өңірдің қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Болат Бақауов Павлодардан кететіні туралы ескерткенін түсіндірді. Кейін бұрынғы шенеуніктің өзі апаттың мән-жайын жеткізді.
Бұрынғы әкім 2020 жылдың мамыр айында өзінің өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1958804-bolat-baqauovtyn-qatysuymen-bolgan-zol-apaty-qylmystyq-is-qozgaldy/