Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда NEET санатындағы жастардың үлесі төмендеді - Дүниежүзілік банк

Опубликовано:

Zhas Project
Фото: Zhas Project

Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен жобасы – Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасын іске асыру аяқталды. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, Дүниежүзілік банк, швейцариялық агенттік өкілдерінің, сарапшылардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің және жобаның басты стейкхолдерлері – жастардың қатысуымен өткен дөңгелек үстел жобаны іске асыру қорытындысына арналды.

2022 жылғы 23 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасының іске асырылу қорытындылары жұртшылыққа таныстырылды. Жоба 2017 жылы Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында пилотты режимде басталып, 4 жыл ішінде Қазақстанның барлық өңіріндегі жастарды қамтыды. Осы уақыт ішінде 9 мыңнан астам жас қазақстандық 2900-ден астам жобаны жүзеге асыра алды.

Дөңгелек үстел барысында Дүниежүзілік Банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскурякова Қазақстанның жастарды дамыту саласындағы жетістіктерін атап өтті.

"Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне осы жобаны жүзеге асырғаны үшін өте ризамын. Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Жастар ісі жөніндегі комитетке жобаға көрсеткен қолдаулары үшін алғысымды білдіргім келеді. Қазақстан Үкіметі жастардың дамуына баса назар аударатынын білемін және бұл таңқаларлық жайт емес. Өйткені, дәл осы бей-жай қарамайтын және құзыретті жастар қоғам дамуының моторы болып табылады және олар тек өз өңірі мен қаласының ғана емес, бүкіл елдің даму траекториясын өзгерте алады. Сондықтан да осы салада Қазақстанда үлкен жетістіктер жасалғанын қуанышпен атап өткім келеді. NEET санатына жатқызылған білім беру мен жұмыс істеуге қатыспаған жастарға келетін болсақ, Қазақстанда олардың үлесі 2019 жылы 18,60%-дан 7,2%-ға дейін төмендеді", - деп атап өтті Т. Проскурякова Жастар корпусын дамыту жобасын іске асыру қорытындыларына арналған дөңгелек үстел барысында.
Zhas Project
Фото: Zhas Project

Айта кетейік, жобаны қаржыландыру Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы жалпы сомасы 7 млрд 896 мың теңге көлеміндегі грант туралы келісімі негізінде жүзеге асырылды.

Естеріңізге сала кетейік, жобаның бірінші кезеңінде білім алуға немесе жұмысқа орналасуға мүмкіндіктері аз жастар іріктеуден өтті. Ол үшін арнайы әзірленген аутрич-әдістеме – жобаға мақсатты аудиторияны тарту бойынша атаулы жұмыс қолданылды. Жобада ауыл жастары мен NEET (not in education, employment or training) санатындағы жастарға ерекше назар аударылды — бұл әртүрлі жағдайларға байланысты оқымайтын және жұмыс істемейтін, не жұмыс істейтін, бірақ табысы төмен жастар. Жобаның басым бағыттарының бірі тұрмысқа шығып, кейіннен жоғары білімі болса да, қоғамда өзінің қабілетін іске асыру мүмкіндігі жоқ жас қыздарды қоғамдық пайдалы қызметке тарту болды.

Zhas Project
Фото: Zhas Project

Іріктелген қатысушылар жобалық менеджменттің негіздерін, сонымен қатар өмірлік маңызы бар дағдыларды үйренді: түйіндеме дайындау, бюджет пен уақытты жоспарлау.

Жобаның үшінші кезеңі іс-қимыл арқылы оқыту болды. Командаларға 1 миллион теңгеге дейінгі көлемде грант бөлінді. Қатысушылар 5-6 ай бойы өз идеяларын түрлі бағыттағы әлеуметтік жобалар ретінде іске асырды: білім беру мен ауылды дамытудан бастап патриоттық тәрбие мен волонтерлік қызметке дейін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1958833-qazaqstanda-neet-sanatyndagy-zastardyn-ulesi-tomendedi-duniezuzilik-bank/

pixel