Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Контузия алғандай есеңгіреп қалдым": Киевтен оралған хореограф басынан өткерген жайттарды баяндады

Жарияланған күні:

Дмитрий Щебет жұбайымен11
Дмитрий Щебет жұбайымен. Фото: Ақжайық

Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтардың арасында елімізге танымал хореограф, ТНТ арнасындағы "Танцы" шоуының жеңімпазы Дмитрий Щебет те бар. Ақжайық басылымына берген сұхбатында Дмитрий Киевке не себепті барғанын және елде әскери іс-қимылдар басталған кезде басынан өткен жайттарды айтып берді.

Дмитрий 29 жаста, Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының тұрғыны, ұлты украин.

Айтуынша, Киевке шақырту бойынша барған.

"Осыдан 8 жыл бұрын украиналық "Танцуют все" би телешоуына қатысып, финалист болдым. Араға жылдар салып, жақында СТБ телеарнасынан (Украина) жаңа World of Dance би жобасына қатысуға шақырту алдым. Ол жерде жұбайым Юлиана Бухольцпен дуэт орындауым керек еді", - дейді Дмитрий.

Дмитрий үш жасар баласын ата-анасына қалдырып, жұбайымен 10 ақпанда Киевке келген.

"Украинадағы достарыма, туыстарыма және әріптестеріме бару үшін ертерек келуді шештік. 17 ақпанда алғашқы түсірілім болды. Байқаудың бірінші кезеңінен өтіп, екінші кезеңге жаңа нөмірді дайындауға кірістік. Сол кезде бір нәрсенің болатынын сездік, бүкіл жаңалықты қадағалап отырамыз ғой. Көп жұмыс жасадық, бәрін тастап кеткіміз келді, бірақ біз кәсіпқоймыз ғой, оның үстіне жамандыққа сенгіміз келмеді. Алдыңғы кеште ертеңгі түсірілімге дайындалып, ерте ұйықтап қалғанбыз. Ал 24 ақпан күні таңертең не болғанын бүкіл әлем біледі", - дейді ол.

Дмитрийдің сөзінше, сол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

"Бірақ мен өзімді қолға алдым. Әйелімді қарсы алдыма отырғызып, көзіне қарап: "Ұлымызға ораламыз деп уәде беріп, тұр, кетеміз" дедім. Киевте жүргенімізде жалға алған көлігіміз бар еді, сол бізді құтқарып қалды. Бүкіл досыма қоңырау шалдым", - дейді хореограф.

Дмитрийдің айтуынша, сол сәттегі негізгі міндет азық-түлік алып үлгеріп, қолма-қол ақша табу болған.

"Әрбір банкомат, дәріхана және азық-түлік дүкенінің алдында ұзын-сонар кезек болды. Бірақ бәрі еш дүрлігусіз, сабырмен, тыныш өтті. Украиндар – әлденеше рет қиын сынақтарды еңсерген біртұтас халық. Бұл осындай сәттерді жеңуге көп көмектесті", - дейді ол.

Дмитрий сонымен қатар, сол сәтте Қазақстан елшілігі отандастарымызды елден шығарумен айналысып жатқанын, тез арада паналайтын жер табу қажет болғанын айтады.

"Біз көлікке заттарымызды тиеп, Украинадан шығарғанша паналай тұрамыз деп, басқа қаланың және шетелдік жоба қатысушылары орналасқан Киевтің шетіндегі тыныш жасыл аймақ Пуща-Водицаға бардық", - дейді ол.

Ал ол жердегі жертөледе шамамен 20 шақты адам болған, олардың жартысы балалар екен.

"Пуща-Водица - Киевтің спутник қаласы, Ирпень және Гастомель аэродромының арасында орналасқан: алғашқы соққылар осы стратегиялық нысандарға жасалуы мүмкін еді. Солай болды да. Мен бұл түнді ешқашан ұмытпаймын. Бомба дыбыстары, атыс пен жарылыстардан аспан қып-қызыл болып жалындады. Содан кейін тынышталып қалды, мен бақылау үшін сыртқа шықтым. Сол кезде гүрс ете түсті, контузия алғандай үш минуттай есеңгіреп қалдым.

Қалай кері жүгіріп, ішке кіргенім есімде жоқ. Сондай қорқынышты болды. Арамызда Молдовадан келген жігіттер бар еді, олар бірден вокзалға баруды ұйғарып, автобуспен Кишиневке кетіп үлгерді. Таңертең әйелім екеуміз екі ананы ұлдарымен және заттарымен бірге көлігімізге мінгізіп, орталыққа жеткіздік. Олардың өз эвакуация жоспары болды. Ал өзіміз Киевтегі досымның үйіне барып, сол жерде күттік. Содан кейін Киевтегі Қазақстанның елшілігі қалғандарын эвакуациялауды жалғастырды, олардың арасында біз де болдық", - дейді Дмитрий Щебет.

Сөз соңында Дмитрий Киевтің әр жерінде ұрыс болып жатқанда, елшілікке жету оңай болмағанын, десе де бәрі сәтті аяқталғанын жеткізді.

"Мен Киевтегі Қазақстанның елшілігіне, атап айтқанда дипломаттарға олардың орасан зор жұмысы үшін, адалдығы мен кәсіби қызметі үшін шын жүректен алғыс айтамын", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1958951-kontuziya-algandai-esengirep-qaldym-kievten-oralgan-xoreograf-basynan-otkergen-zaittardy-bayandady/