Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда кімді және қашан әскери қызметке шақырады

Опубликовано:

Қазақстан әскері
Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстандағы әскери міндеттілерді мерзімді әскери қызметке, запастағы офицерлердің әскери қызметіне, әскери жиындарға сондай-ақ әскери жағдай кезінде әскери қызметке шақыруы мүмкін, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Мерзімді қызметке шақыру тәртібі

Қазақстандықтар президент жарлығы мен үкімет қаулысына сәйкес жылына екі рет мерзімді әскери қызметке шақырылады.

Шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босатылуға құқығы жоқ 18-27 жас аралығындағы азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылады. Олардың саны Қарулы күштер, басқа әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау үшін қажетті болуға тиіс.

Қазақстан азаматтарын әскери қызметке шақыруды жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) ұйымдастырады. Олар әскери басқару органдарын жабдықталған әскерге шақыру (жиын) пунктерімен қамтамасыз етеді. Оларды күтіп-ұстау, дәрі-дәрмек, керек-жарақтар, өртке қарсы, медициналық және шаруашылық мүлік, автокөлік, сондай-ақ байланыс және күзет құралдарымен жабдықтайды.

"Әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесі туралы" Заңға сәйкес азаматтарды әскери қызметке шақыру комиссиясы құрылады.

Азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу тәртібін үкімет анықтайды.

Ұйым басшыларының міндеті:

  • әскерге шақыруға жататын азаматтарды іссапарлардан шақыртып алу;
  • азаматтарды әскери қызметке шақыру кезінде оларды хабардар етуді және медициналық куәландырудан өткізу үшін шақыру пунктіне уақытылы келуін ұйымдастыру.

Уақытша шетелде тұратын қазақстандықтарды шақыру "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңда белгіленген тәртіппен, олар Қазақстанға тұрақты тұрғылықты жеріне қайтып оралған кезде жүзеге асырылады. Бұл олардың әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға құқығы болмаған жағдайда жүзеге асырылады.

Азамат қай жағдайда әскери қызметке шақырылды деп есептеледі?

Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жергілікті әскери басқару органы бастығының оны әскери қызметке шақыру туралы бұйрығы шыққан кезден бастап есептеледі.

Запастағы офицерлерді қай кезде шақырады?

Әскери қызметке жарамды 29 жасқа дейінгі запастағы офицерлер бейбіт уақытта офицерлер құрамы лауазымында әскери қызмет өткеру үшін шақырылады. Бұл үшін уәкілетті орган өтінімі бойынша үкімет қаулысы шығарылады

Әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру

Әскери міндеттілер әскери жиындарға бірнеше жағдайда шақырылады:

  • орталық атқарушы органдар жүргізетін жұмылдыру дайындығы жөніндегі республикалық іс-шаралар аясында, бұйрыққа Қорғаныс министрі қол қояды;
  • облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізетін жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғанысты даярлау жөніндегі іс-шаралар аясында, Қарулы күштердің бас штабымен келісу бойынша облыс, қала, астана әкімдігінің қаулысы негізінде жүзеге асырылады.

Соғыс жағдайы кезіндегі жұмылдыру

Қазақстандықтарды жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру президент жарлығы негізінде, сондай-ақ "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған әскери міндеттілермен және әскерге шақырылушылармен:

  • жұмыс (қызмет) орны бойынша толық есеп айырысу жүргізіледі;
  • нақты жұмыс істеген уақыты үшін жалақы, жұмыстан шығу жәрдемақысы және пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төленеді.

Олардың тұрғылықты жері сақталады. Отбасын мемлекеттік қамтамасыз ету (жәрдемақылар, зейнетақылар) заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

Жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар жұмылдыруды жүргізу кезінде, соғыс жағдайы енгізілгенде және соғыс уақытында әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды уақытылы хабардар етіп, оларды шақыру пунктеріне немесе әскери бөлімдерге жеткізуге міндетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1959054-qazaqstanda-kimdi-zane-qasan-askeri-qyzmetke-saqyrady/

pixel