Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тауға шығып, айқайлағым келді": 52 жасында ана атанған атыраулық әйел өмірлік арманына қалай қол жеткізді

Опубликовано:

Атыраулық тұрғын
Фото: halyq-uni.kz

Атырау облысының тұрғыны Айгүл Бисенбаева 52 жасында тұңғышын дүниеге әкеліп, өміріндегі ең басты арманы - ана болу бақытына ие болды. Жуырда ол көптен күткен сәбиін қырқынан шығарды. Осы орайда елуді еңсерген келіншек Халық үні порталына сұхбат беріп, құрсағына сәби біткен сәтті естігенде қандай сезімде болғанын айтып, өзінің әсерін бөлісті.

Айгүл Бисенбаева 19 қаңтарда дүние есігін ашқан ұлының есімін жолдасы Ибрагим Шаукиров екеуі Нұргелді деп қойған. Бұл - Айгүлдің алғашқы некесі. Ал жолдасы бұрын үйленген, екі қызы бар. Олар бүгінде өз алдына дербес үйлі болып, аяққа тұрған.

Жұбайлар Жылыой ауданы Теңіз кен орнында аспаз болып жұмыс істеп жүргенде танысқанын айтады. Олар былтыр шаңырақ құрып, ЭКО орталығының көмегіне жүгінген. Айгүл Бисенбаева алғашқы талпынысынан-ақ құрсақ көтергенін атап өтті. Орталықтың акушер-гинекологтары да мұндай жағдай сирек кездесетінін айтқан.

Сондай-ақ, Айгүл Бисенбаева басылымға берген сұхбатында 52 жасқа дейін тұрмысқа шықпауына әсер еткен себептерді де айта кетті.

"Үйде егіз қыз болдық. Сыңарым ертерек қайтты. Әкем мен 10-сыныпта оқып жүргенде бізді тастап кетті. Оның өз отбасы, ұл-қыздары бар. Сөйтіп мен шешеммен жалғыз қалдым. Қасында болдым. Тұрмысқа шығып, жалғыз өзін тастап кете алмадым. Сол үйдің отағасы болатын адам таба алмадым. Қандай ер адам оған көнсін. Сөйтіп жүргенде анам 2017 жылы қан қысымынан қайтыс болды. Содан бері жалғыз қалдым.

2020 жылы жалғыздық кәдімгідей жанымды қысты. Сәби сүйгім келді. Ол үшін әуелі жақсы адам керек. Сондай адамды қарастырып жүрдім. Құдайға шүкір, бір-бірімізді таптық. Жолдасым 63-те, бес уақыт намаз оқиды. Құдайға қараған адам", - дейді атыраулық тұрғын.

Айгүлдің сөзінше, "бала көтере алмай қаламын" деген қорқыныш 40 жасынан бастап пайда болған.

Айгүл Бисенбаева
Фото: halyq-uni.kz

"Мен отбасын құрарда жолдасыма егер өздігімнен бала көтере алмасам, ЭКО-ға барғым келетінін ашып айттым. Ол құптады. Бірінші талпыныстан нәтиже болмаса, тағы да барамыз деп шештік. Әуелі Алла сәтін салып, одан кейін акушер-гинекологтардың арқасында аңсаған сәбиімді сүйіп отырмын", - дейді ол.

Айгүл жүктілік кезінде дәрігерлердің барлық талаптарын уақытында орындағанын алға тартты.

"Дәрілерді уақытында ішіп, уақытында қаралып жүрдім. Репродуктологтар мені де, жолдасымды да тексере келе, ағзамыздың жақсы екенін айтты. Мені жасанды ұрықтандыруға екі ай дайындады. Босанар сәтте қан қысымым жоғарылап, жедел жәрдеммен перзентханаға алып келді. Кесарь тілігімен босандым", - дейді Айгүл Бисенбаева.

Айгүл мен Ибрагим балалы болу арманына жету үшін біраз тәуекелге барғанын да атап өтті.

"Біз өз қалтамыздан (ЭКО жасату шығындарын - ред.) төледік. Оның ішінде ем-шаралар, дәрумендер, Атырау, Нұр-Сұлтанға бару-келу жолақысы, көрсетілген қызметтер бағасы бар. Бала көтерген соң дұрыстап күтіну үшін жұмысымнан да шығып кеттім. Сөйтіп, тоғыз ай үйде күтініп отырдым", - дейді ол.

Өзі туралы ашық сұхбатта Айгүл Бисенбаева құрсағына жан біткенін естігендегі ең алғашқы сезімімен де бөлісті.

"Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес бұл сезімді. Таудың үстіне шығып, бар даусыммен қатты айқайлағым келді. Төбеге шығып, бақырып тұрып жылағым келді. Ол хабарды естіген соң ғарышта жүргендей сезінесің. Бір жерге ұшып барып, ұшып келгендей қалқып жүресің", - дейді келіншек.

Атыраулық әйелдің жасанды жолмен бала көтергенін ашық айтуына өзіндік себебі бар. Ол осылайша өзі сияқты ұзақ уақыт бала сүюді аңсап жүрген келіншектерге үміт сыйлағысы келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1959470-tauga-sygyp-aiqailagym-keldi-52-zasynda-ana-atangan-atyraulyq-aiel-omirlik-armanyna-qalai-qol-zetkizdi/

pixel