Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қатты ризамын": Асхат Шахаров 16 жыл көше сыпырушы болған ананы биге шақырды (фото)

Опубликовано:

Асхат Шахаровтың мерекелік кеші
Фото авторы: Аслан Мусенов

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров 8 наурыз мерекесіне орай ерекше мерекелік шара ұйымдастырды. "Мұндайды бұрын-соңды көрген емеспіз" деген аналар Ақтөбенің төрінде әкіммен бірге би биледі деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шараның айрықша кейіпкерлерінің бірі - Сұлу Маясарова. Ауыл округтерінің бірінде тұратын ана таңмен таласып тұрып, күнде қаладағы жол тазалау жұмысына келеді.

"16 жылдан бері көше жолдарын тазалаушы болып жұмыс істеймін. Қала көшелерін жазда қоқыстан тазалап сыпырамын, қыста қар аршимын, мұз оямын. Еңбегімді бағалап мерекеде көңіл бөліп жатыр. Қатты ризамын. Бұрын мұндай шараны көрген емеспін",- дейді Сұлу Маясарова.

Шара барысында Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров көше тазалығымен айналысатын аналардың орны бөлек екенін атады.

“Әрбір мамандық иесінің өз орны бар. Сіздің жұмыс өте маңызды. Егер, мен таңертең жұмысқа шықпай қалсам, жұрт байқамай қалуы мүмкін. Ал сіз жұмысқа шықпай қалсаңыз, бәрі біліп қалады. Мына көше сыпырылмай шашылып жатады. Бәрі сізді іздейді. Қоғам үшін жұмысыңыз өте маңызды” - деді Шахаров.

Асхат Шахаровтың мерекелік кеші
Фото: Аслан Мусенов

Әкімнің мерекелік дастарханына шақырылған қонақтардың көбі әр салада қызмет етіп жүрген қарапайым еңбек адамдары. Олардың қатарында жол тазалаушылар, көше сыпырушы аналар, почташылар, инженерлер, мұғалімдер, медбикелер, полиция қызметкерлері және еңбек ардагері бар.

"Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. Бүгінгі салтанатты кешке кез-келген жұмысты сүйіспеншілікпен атқара жүріп, отбасында ана, жар, әпке, әже міндетін де үлкен жауапкершілікпен орындайтынын дәлелдеп жүрген әр түрлі мамандық өкілдері шақырылды. Әрқайсыңыз әлемді жақсартуға жан-дүниеңізбен атсалысып, күн сайын айналаға жылу сыйлап жүрген жандарсыздар. Сіздер кез келген құрметке лайықсыздар", - деді қала әкімі.
Асхат Шахаровтың мерекелік кеші
Фото авторы: Аслан Мусенов

Шара соңында әйелдер қауымына гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді және мерекелік концерт ұсынылды. Ал көпбалалы аналарға Алтын алқа табысталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1959658-qatty-rizamyn-asxat-saxarov-16-zyl-kose-sypyrusy-bolgan-anany-bige-saqyrdy-foto/

pixel