Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

KazakhstanSmartSpace халықаралық ғарыш байқауына өтінімдерді қабылдау басталды

Опубликовано:

"Еуразиялық банк" АҚ баспасөз қызметі
Фото: "Еуразиялық банк" АҚ баспасөз қызметі

Әлемнің түрлі елдеріндегі жастар халықаралық байқауға қатысып, ғарыш техникасы мен технологиясы бойынша өз білімдерін көрсете алады. KazakhstanSmartSpace байқауына қатысқысы келетіндердің барлығы осы жылдың 15 наурызына дейін өтініш беруі қажет, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы" АҚ басқарма төрағасы Марат Нұрғожин атап өткендей, ғарыштық технологиялар адамзаттың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Бұл – ұялы байланыс, жерді қашықтықтан зондтау және спутниктік навигацияның әртүрлі аспектілері.

"Бұл технологияларды жасаумен әртүрлі бейіндегі мамандар айналысады, сондықтан жастар мен балаларға ертерек өз бейімділігін табуға, олардың шығармашылық ізденіс пен жаңалық ашуға деген ұмтылысын қолдауға, қабілеттерін жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктерді жасауға көмектесу өте маңызды. Дәл осы мақсатта KazakhstanSmartSpace халықаралық байқауы өткізіліп жатыр", - деді Нұрғожин.

Байқауға 7-ден 22 жасқа дейінгі колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары мен қосымша үйірмелердің шәкірттері ұстаздарымен, ата-аналарымен және тәлімгерлерімен бірге қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазірдің өзінде 50 шақты білім беру мекемесінен өтінімдер келіп түскен. Олардың арасында тек қазақстандық командалар ғана емес, Қырғызстан, Ресейден келген қатысушылар да бар.

Қатысушылар әртүрлі номинациялар бойынша әзірлемелерін ұсына алады. Мысалы, робототехника және интеллектуалды жүйелер, 3D басып шығару, ғарыштық техникадағы үлгілеу және құрастыру, ғарыштық техника, жасыл экономика және т.б. салалардағы қолданбалы шешімдер. Тақырыптық номинациялардың толық тізімімен және шарттарымен www.kzsmart.space ресми сайтында танысуға болады.

"Еуразиялық банк" АҚ баспасөз қызметі
Шухрат Ибрагимов. Фото: "Еуразиялық банк" АҚ баспасөз қызметі

Байқауды ұйымдастырушылардың бірі, Eurasian Space Ventures жеке ғарыш компаниясының бас директоры, Еуразиялық банк директорлары кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов бұл байқау жас таланттарға өздерін көрсетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, бизнеске де әлеуетті кадрларды табу үшін жағдай жасайтынын айтуда.

"Бүгінгі таңда біз ең алдымен өз болашағын ғарыштық зерттеулермен, жобалармен байланыстыруды армандайтын аймақтардағы жастарды табуға мүдделіміз. Бұл байқау осындай мүмкіндік береді және жастарға ең батыл идеяларын жүзеге асыру үшін кең перспективалар ашады. Біз қазірдің өзінде аэроғарыштық технологияларды дамыту үшін ESV ғарыш хаб-инкубаторындағы іске қосылған компаниялар мен халықаралық стартаптарды тартып жатырмыз. Бүгінгі таңда цифрландыру қарқыны үдеу үстінде және ешуақытта тоқтамайтыны анық. Ғарыш саласы да осылай дамып келеді", - деп санайды Ибрагимов.

Оның пікірінше, байқау саланың одан әрі дамуына жағдай жасап, "ғарыштық технологиялар саласындағы қазақстандық және аймақтық мамандардың қабілетінің қаншалықты екенін" бүкіл әлемге паш етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Ибрагимов бүгінгі таңда дарынды кадрлардың жеткіліксіздігі олардың жоқтығында емес, жасампаз жастардың өз қабілетін көрсететін алаңның жоқтығында екенін дөп басып айтты. Байқау осындай алаңдардың біріне айналуға тиіс.

Өтінім беруге әлі уақыт бар – өтінімдер 15 наурызға дейін қабылданады, одан кейін қатысушылар конкурстық іріктеуден өтеді, ал финал 2022 жылдың 8 сәуірі мен 10 сәуірі аралығында Дәукеев атындағы Алматы энергетика және коммуникация университетінде өтеді.

Байқаудың финалистері мен жеңімпаздары дипломдардан бөлек, жоғары оқу орындарына түсу үшін балдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болады.

"Үздік стартап байқауы аяқталғаннан кейін біз жеңімпаздарды таңдап, олардың жобаларын дамытуға және халықаралық деңгейге шығаруға көмектесетін боламыз", - деді Ибрагимов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1959940-kazakhstansmartspace-xalyqaralyq-garys-baiqauyna-otinimderdi-qabyldau-bastaldy/

pixel