Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарудың ірі партиясы тәркіленді

Опубликовано:

тәркіленген қару
Тәркіленген қару. Фото: Көліктегі полиция департаменті

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарудың ірі партиясы тәркіленді, деп хабарлайды Көліктегі полиция департаменті Facebook парақшасында.

Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің айтуынша, көлік полицейлері қылмыстық істі тергеу барысында 5-6 қаңтарда Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздік барысында қару-жарақ дүкендерінен ұрланған қарулардың орналасқан жерін анықтаған.

Ал ұрлық жасады деген күдікпен қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан болуы мүмкін Өзбекстанның 23 жастағы тумасы ұсталған.

Оның тұрғылықты жерінен 2 пышақ және 1 пневматикалық тапанша тәркіленген.

Сонымен қатар, күдіктінің 43 жастағы сыбайласы да анықталып, ұсталған. Тінту барысында одан 19 дана пневматикалық қару мен патрондар, 10 пышақ, 1 арбалет, 6 оптикалық нысана және 3 оптикалық аспап тәркіленген.

"Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Олардың серіктестерін анықтау және ұстау бойынша шаралар қабылдануда", - дейді полиция генерал-майоры.

Айта кетейік, бұған дейін оңтүстік астананың қалалық соты қаңтар оқиғалары кезінде жасалған "ұрлық" дерегі бойынша Алматы қалалық соттарына 82 қылмыстық іс түскенін хабарлаған еді.

Бүгінде 41 қылмыстық іс бойынша сот үкімі шыққан. Қалған 41 қылмыстық іс қаралу үстінде дейді қалалық соттың баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1959946-almatyda-qantar-oqigasy-kezinde-urlangan-qarudyn-iri-partiyasy-tarkilendi-video/