Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алтыным қайда кетті": Кореяда тұратын қазақ қызы елге почтамен жіберген бағалы затының жоғалғанын айтып, дабыл қақты

Опубликовано:

Назым Жұматаева
скриншот: Instagram / _nazym_korea_

Оңтүстік Кореяның Воттонг қаласында тұратын Назым Жұматаева Алматыға почта арқылы жіберген сәлемдемесінің ұрланғанын айтып, KAZ.NUR.KZ тілшісіне жағдайды баяндады. Алматыдағы туған әпкесіне салып жіберген сәлемдеме ішінен алтын алқаның жоғалып кеткені белгілі болды. Осылайша, алтынның қайда кеткенін білмей дал болған Назым журналистерден көмек сұрады.

Назым Жұматаева бірнеше жылдан бері Оңтүстік Корея мемлекетінде тұрып жатыр. Ол осы уақытқа дейін почта арқылы сан мәрте сәлемдеме салып жіберген. Бірақ дәл мұндай жағдайға алғаш рет тап болып отыр.

"15 ақпан күні Воттонг қаласынан почта арқылы Алматыдағы әпкеме бір қорап зат жібердім. Оның арасында шұлыққа оралған алтын алқам да бар болатын. Балалар шұлығы салынған мешокты бөлек орап, скотчпен жапсырып тастадым. Одан бөлек, ішінде аздаған балалар киімі мен косметика болды. Бұл алтын алқаны Ақтау қаласынан несиеге сатып алдым. Себебі, Кореяда алтынның бағасы ұшып тұр. Өзіме ұнаған алқаны Қазақстаннан почта арқылы алдырдым. Бірақ алқа маған тым ұзындау болғандықтан, сатушыдан қайтадан ауыстырып беруді өтіндім. Ол да келісе кетті. Осылайша, алқаны шұлыққа орап, сәлемдеме ретінде почтадан әпкеме салып жібердім", - дейді Назым.

Тиісті сәлемдеме Алматы қаласына 2 наурыз күні жеткен. Алайда, қораптың ішіндегі ең бағалы дүние – алтын алқа табылмайды.

"Сәлемдемені почта арқылы үйге дейін жеткізіп берген. Әпкем қол қойып, қорапты алып қалған соң ғана ішінде алтынның жоқтығын байқайды. Дереу Райымбек, 158 Б мекен жайында орналасқан "Қазпочта" бөлімшесіне барған. Ол жақтағылар ештеңе білмейтінін айтып, басын алып қашады. Алтынның салмағы көп емес, егер ол тыйым салынған зат болса, мені Оңтүстік Кореяның кеден бекетіндегілер шақыратын еді. Бұл алтын алдымен Ақтаудан келді. Ешқандай мәселе болған емес. Енді ұшты-күйлі жоқ", - дейді ол.

Назымның әпкесі Айнұр Өтегенова алтынның жоқтығын айтып, "Қазпочта" бөлімшесіне полиция қызметкерлерін де шақырады.

"Почтаға жақын маңдағы бөлімшеден полицейлер келді. Олар менің өзімнің тұрғылықты мекен жайыма қарасты бөлімшеге жүгінуімді өтінді. Содан соң, бейнекамераларды көрсетуді сұрадым. Почта қызметкерлері алдымен камераны көрсетуге рұқсат берді. Бірақ кейін аяқ астынан шу шығарып, ақыры камераны көрсетпей қойды.
Назым алтын салынған шұлықтарды бір пакетке салып, скотчпен орап тастаған еді. Алайда мен ашып қарағанда, шұлықтар қорап ішінде шашылып жатты. Демек, қолдан ұрланғаны анық. Егер тыйым салынған зат болса, оны кедендегілер ескертетін еді. Оның үстіне, қорапты ашқанда шұлықтар шашылып жатты. Бұл бізді бір ғана ойға жетелейді. Алтын елге келген соң жоғалған болуы мүмкін", - дейді Айнұр.

KAZ.NUR.KZ осыған байланысты "Қазпочта" акционерлік қоғамының баспасөз қызметінің пікірін білді.

"Қазақстан аумағына Кореядан салмағы 8 келі 400 грамм көлеміндегі сәлемде келіп жеткен. Қорапқа салынған заттың салмағы 8 келі, сыртындағы қатпардың салмағы 400 грамм. Сәлемдеменің Кореядан шыққандағы және елге келгендегі салмағында еш өзгеріс жоқ.
Сәлемдемені жіберген адамның қосымша құжатын қарап шықтық. Ол қорап ішінде 7 дана косметика өнімдері барын ғана көрсеткен. Ал алтын өнімі туралы ешқандай ақпарат жоқ. Демек, сәлемдеме ішінде алтын барын заңды түрде көрсетпеген. Тауар Қазақстанға 8400 граммен келіп, осы салмақта алушыға тапсырылғандықтан, сәлемдемені жіберуші елдің почта қызметіне жүгінуді сұраймын", - деп жауап берді "Қазпочта" АҚ баспасөз қызметінің өкілі Әсел Сүлейменова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1959948-altynym-qaida-ketti-koreyada-turatyn-qazaq-qyzy-elge-poctamen-zibergen-bagaly-zatynyn-zogalganyn-aityp-dabyl-qaqty/

pixel