Еуропада коронавирустың жаңа "дельтакрон" штамы пайда болды

Опубликовано:

коронавирус
Илюстрациялық сурет: pixabay.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Францияда, Нидерланды және Дания мемлекетінде коронавирустың жаңа штамын анықтады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі РИА Новости жаңалықтарына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдайлар бөлімі техникалық тобының жетекшісі Мария ван Керкхов брифингте Еуропада "дельтакрон" штамының пайда болғанын растады.

"Ол Францияда, Нидерландыда, Данияда анықталды. Бірақ өте төмен деңгейі тіркелді (коронавирусты жұқтырудың — ред.)", - деді ол.

Ван Керховтың айтуынша, "дельтакрон" штамы "дельта" AY.4 және "омикрон" BA.1/BA.2 штамдарының бірігуінің нәтижесінде пайда болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл туралы 7 наурызда өткен брифингте талқылады.

Қаңтар айының басында Кипр университетінің биология ғылымдары факультетінің бір топ ғалымдары коронавирустың жаңа штамы — "дельта" мен "омикрон" штамдарының буданы табылғанын хабарлады.

Өз кезегінде, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл жіберілген қателіктің нәтижесі болуы мүмкін екенін айтады. Яғни, олардың сөзінше, реттілік кезінде үлгінің ластануынан жаңа штамм пайда болған. Сондай-ақ оған "дельтакрон" атауын пайдаланбау ұсынылды.

Еске салсақ, бүгін, 10 наурыз күні Қазақстанда 89 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың дені Алматы қаласынан. Жалпы ел бойынша C0VID-19 жұқтырғандардың саны 1 304 101-ге жетті.

Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық облысы мен мегаполистері "жасыл" аймақта.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1960043-europada-koronavirustyn-zana-deltakron-stamy-paida-boldy/