Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қажеті жоқ": Алматы облысының әкімі Жаркент қаласындағы резиденциядан бас тартты

Опубликовано:

Қанат Бозымбаев
Қанат Бозымбаев. Фото: Алматы облысының әкімдігі

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Жаркент қаласындағы резиденциядан бас тартып, ол жерге балаларды оңалту орталығы жасауды ұсынды, деп хабарлайды облыс әкімдігі ресми сайтында.

"Сөз реті келгенде айта кетейін, осы Жаркент қаласында облыс әкімінің резиденциясы тұр. Жерінің көлемі 1 гектар. Маған сол резиденцияның қажеті жоқ. Ауданда қонатын жап-жақсы қонақ үйлер бар. Тамақты дәмді дайындайтын дәмханалар көп.

Сондықтан резиденцияны балаларды оңалту орталығына өткізіп беремін. Бұл баласының өмір сүруі үшін әр сәтін күреспен өткізіп жатқан, ерекше балаларды бағып-қағып отырған ата-анаға өте керекті орталық болар еді деп ойлаймын", - дейді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Ведомствоның мәліметінше, Жаркенттегі облыс әкімінің резиденциясы 2013 жылы салынған. Бір қабатты ғимараттың көлемі 910 шаршы метр, ал жер аумағы 1 гектар.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Алматыда бүлінген президент резиденциясының орнына саябақ салынатынын айтқан еді.

Кейін президенттің Іс басқармасы резиденцияны сүруге не себеп болғанын түсіндірді.

Белгілі болғандай, ғимараттың барлық тірек құрылымы мен шатырының негізі болатын металл элементтер өрт пен өте жоғары температура салдарынан зақымданған.

Ведомствоның мәліметінше, ғимараттың негізгі құрылымдарын қалпына келтіру үшін және сейсмикалық жағынан берік болуын қамтамасыз ету үшін орасан зор қаражат қажет.

Нысан жөндеуден өткен күннің өзінде де оның қауіпсіздігіне кепілдік жоқ дейді президенттің Іс басқармасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1960670-qazeti-zoq-almaty-oblysynyn-akimi-zarkent-qalasyndagy-rezidenciyadan-bas-tartty/

pixel